Басшы санатындағылардың жалақысы біліктілігі жоқ жұмысшылардың айлығынан 4,1 есеге көп
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмысшылардың сипаттық кәсіптері және қызметкерлердің лауазымдары бойынша орташа айлық жалақысының көлемі туралы ақпаратты алу мақсатында ҚР Статистика агенттігі экономикалық қызметтің жекелеген түрлеріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарға біржолғы зерттеу жүргізді. Зерттеу қыркүйек айында толық жұмыс істеген жұмысшыларды қамтиды.
2013 жылдың зерттеу нәтижелері көрсеткендей, экономикалық қызмет түрлері бойынша жалақы төлеуде жұмысшылардың кәсіптері арасында жіктелу сақталады. Басшылар санатына жататын қызметкерлердің орташа жалақысы біліктілік деңгейі жоғарғы мамандардың жалақысынан 1,9 есе, біліктілік деңгейі орта мамандардың жалақысынан 2,3 есе және біліктілігі жоқ жұмысшылар жалақысынан 4,1 есе көп.
Ең жоғарғы жалақы шикі мұнайды және табиғи газды өндіру саласында жұмыспен қамтылған ұйымдардың басшыларында - 1 196,8 мың теңге тіркелді. Бұл көмір және лигнит өндіру саласындағы басшылардың орташа алатын жалақысынан 2,7 есе және құрылыс саласындағылардан - 3,0 есе жоғары. Шикі мұнайды және табиғи газды өндіру саласындағы біліктілігі жоғары мамандары алатын жоғары жалақы мөлшері 386 мың теңге, ал әуе көлігі саласының біліктілігі орта мамандары 367 мың теңге айлық алатынын атап өткен жөн.
Экономикалық қызмет түрлері және қызметкерлердің кәсіптер бөлінісінде еңбекақы төлеуде айтарлықтай айырмашылық сақталуда. Мұнай өндіру өнеркәсіп кәсіпорындарында жоғары ақы төленетін мамандар инженер-технолог, цех шебері және инженер-механик болып табылады (245 - 271 мың теңге). Әуе көлігі саласындағы қызметкерлер 260 мың теңге, ал қаржы және сақтандыру қызметі саласындағы қызметкерлер 177 мың теңге жалақы алды.
Құрылыс саласында жоғары деңгейлі білікті мамандар арасынан ең жоғары жалақыны экономисттер (183 мың теңге), біліктілік деңгейі бар мамандардан - қаптаушы-мраморшылар (222 мың теңге) және инженерлер (187 мың теңге) алады екен.