Басталған барыс жылы Қазақстан үшін есте қалатын тарихи жыл болмақ - Қ. Тоқаев
А. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы болып өтті.
Жиынды ашып сөз сөйлеген палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы да елімізде маңызды шаралар орын алатынын, барыс жылы ерекше есте қалатынын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Палата жұмысын ашу барысында Төраға былтырғы жылы елімізде атқарылған ауқымды шараларға тоқталды. «Былтыр Елбасының «Дағдарыстан - жаңару мен дамуға» атты Жолдауына байланысты ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға байланысты қолға алынған нақты тапсырмалар бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Өткен жылы Парламент 121 заң қабылдады. Ал ағымдағы жылы да біздің алдымызда өте ауқымды әрі маңызды мақсаттар тұр», деді Қ. Тоқаев.
Сонымен бірге өз сөзінде Төраға ағымдағы жылы жүзеге аса бастаған ЕҚЫҰ-ға еліміздің төрағалы етуіндегі маңыздылықты, Кедендік одақтың жүзеге асуындағы ерекшеліктерді атап өтті. Бұдан басқа ел ішінде орын алатын басты даму бағыттар мен ерекше шараларға да тоқталды. «Биылдан бастап экономикамызды жедел индустрияландырудың бесжылдық жоспарын орындауға кірісіп отырмыз. Бұл игі бастаманың еліміздің әлеуеті мен мүмкіндігін одан әрі қарышты өркендетуге тың серпін берері сөзсіз. 2010 жылы Ата заңымыз - Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толады. Бұл мерекені Парламенттің заң шығару қызметі де толайым табыстармен қарсы алады деп сенемін. Тағы бір айтулы мереке - биыл екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы. Қазақстандықтар үшін саяси маңызы зор бұл мерекені атап өтуде соғыс және еңбек ардагерлеріне лайықты қызмет көрсетіліп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға белсенділік танытуға шақырамын. Жалпы, басталған барыс жылы есте қалатын тарихи жыл болмақ. Сондықтан да қол жеткізілген жетістіктерімізді еселеп, еліміздің жаңа биіктерге көтерілуі жолында қарқынды қызмет атқарамыз деп ойлаймын», деді Қ. Тоқаев.