Бастамашы топ ҚР Парламенті депутаттарынан Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін республикалық референдумда 2020 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін көздейтін ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу туралы мәселені қарауды сұрады
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елбасы өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді ұсынған бастамашы топ ҚР Парламенті депутаттарына үндеу жолдады.
Аталған үндеу мәтінімен бастамашыл топтың жетекшісі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бүгін елордада баспасөз мәслихаты барысында таныстырды.
Онда аталған бастама түрлі ұлттар мен діндер өкілдері, барлық жастағы буындар мен әлеуметтік топтар тарапынан бүкілхалықтық қолдауға ие болуы Елбасына деген аса жоғары сенімді айғақтайтындығы баса айтылған. Сондай-ақ бұл қолдау еліміздің Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті нығайту, Қазақстанның серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және оның халықаралық беделін арттыруға бағытталған көреген саясатын шүбәсіз мойындау болып табылатындығына дәлел болатындығы баса айтылған.
«Референдум идеясына қолдау көрсеткен 5 млн. астам қазақстандықтардың атынан сіздерден Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына «Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін республикалық референдумда 2020 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін көздейтін Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» мәселені шығаруларыңызды сұраймыз. Бұл - бүкілхалықтық референдумды қолдауға қолдарын қойып, өздерінің болашағы мен еліміздің келешек дамуын Қазақстанның Тұңғыш Президентімен байланыстыратын республика сайлаушыларының жартысынан астамының тікелей ерік-қалауы»,-делінген үндеуде.