«Бастау Бизнес» бағдарламасының 1334 түлегі өз бизнесін іске қосты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Ол бизнеске тегін сервистік қолдау көрсетеді. Осыған ұқсас қызметтерді services.atameken.kz порталы арқылы алуға болады.
Осы уақытқа дейін мұнда 4325 офлайн қызмет көрсетілді.
29 кеңесші 4 897 қызмет көрсеткен. Бұл жоспардың 108,55%-ы болып табылады. Биыл эксперименттік режимде қызметтердің бір бөлігі аутсорсингке берілді.
1 қыркүйектен бастап, «Salyk consulting» жеке кәсіпкерлігінің консалтингтік компаниясы өз жұмысын бастады.
Ол байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз болып, сервистік қызмет көрсетіп жатыр.
«Ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – бұл бизнес-жоспарларды құру. Тек биылдың өзінде біздің кеңесшілеріміз құны 2,3 млрд теңге 218 бизнес-жоспар жазған.
Оның ішінде екінші деңгейлі банктерде 950 млн тг сомасына 78 жоба мақұлданды», — деді Айтуар Қошмамбетов.
Сонымен қатар, «Бизнес-мектеп» бағдарламасы бар, онда бүгінгі таңда 1338 адам оқытудан өтті. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2 600 адам оқуды аяқтады. 2 128 тыңдаушы аяқталғаны туралы сертификат алды, 472 тыңдаушы қатысқаны туралы сертификат алды. Оның ішінде 48 қатысушы мүгедек, 400 — көп балалы ана және көп балалы отбасы мүшелері, 278 — аз қамтылған адамдар және отбасы мүшелері, NEET санатындағы жастар (әлеуметтік және экономикалық сипаттағы белгілі бір жағдайларға байланысты оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастар) 448 қатысушы кәсіпкерлер, 219 қатысушы қандастар, 39 қатысушы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 541 жұмыссыз қатысушы.
2020 жылы Алматы қаласы бойынша 1705 грант бөлінді, оның ішінде 818 грантты 2019 жылғы «Бастау Бизнес» жобасының түлектері алды, ал қалған 687 грантты 2020 жылғы оқуды аяқтаған қатысушылар алды.
Бүгінгі таңда 2020 жылдың 1334 түлегі 5 бағыт бойынша өз бизнесін бастады:
- тігін цехы (ателье, киімдерді жөндеу, қиыстырып келтіру, тігу) — 581;
- сұлулық салоны (шаштараз, тырнақ қызметі орталығы, макияж орталығы) — 293;
- кондитерлік цех (шағын наубайхана, кондитерлік, нан-тоқаш өнімдері) 95;
- қоғамдық тамақтану (асхана, фастфуд, фудкордтар, аспаздық, кофеханалар, донерлік, кофетериялар, пиццерия, бургерлік) — 75;
- фотостудия (монтаж, бейнежазба, фотосалондар) — 59.