«Bastau Бизнес»: Қызылордалықтар республикада бірінші болып жобаларын қорғады
«Қызылордалықтар республика көлемінде қорғау жұмыстарын бірінші болып бастады»,-дейді Палатаның сарапшысы Жанат Матерзаева. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап хабарлады.
«Bastau Бизнес» жобасының алғашқы "қарлығаштарына" бір ай бойы алған білімдерінің нәтижесін көрсететін сәт жетті. 10 мамырдан бастап облысқа қарасты Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының жобаға қатысқан азаматтары Қызылорда қаласында бизнес-жоспарларын қаржы институттары мен мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған облыстық комиссияның алдында қорғауда.
Айта кету керек, пилоттық негізде жүзеге асырылып жатқан жобаның алғашқы кезеңінде тестілеуден 228 адам өткен болатын. Енді олардың 128-і облыстық комиссия алдында жобаларын қорғамақ.
«128 азамат «Bastau Бизнес» жобасының барлық кезеңінен өтті. Облыстық комиссия алдында жобаларын сәтті қорғай алғандарға арнайы сертификаттар тапсырылып, қаржы институттары қаржыландыру шараларын жүргізу барысында бірінші кезекте басымдықты осы жобаларға бермек», - дейді Кәсіпкерлер палатасының маманы Жанат Матерзаева.
Айта кету керек, облыстық комиссия алдына жалпы құны 558 млн теңгені құрайтын 128 жоба ұсынылып отыр.