«Бастау» кинофестивалі «Соғыс тұтқыны» фильмімен ашылады

фильм
Фото: "Соғыс тұтқыны" фильмінің постері

12-16 желтоқсан аралығында Алматыда XI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтеді, деп хабарлайды Kazіnform.

12 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында фестиваль режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи драмасының премьерасымен ашылады.

Фильмдегі оқиғаның негізі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік тұтқында болған жапон жігіті, императорлық мектептің курсанты Ахико Тецуроның шынайы тағдыры төңірегінде өрбиді.

Лагерьде жас жапон соғыстың нағыз батыры, Кеңес әскерінде қызмет еткен және Берлинге шабуылға қатысқан қазақ жауынгері Әкежанмен кездеседі.

Ол кейін Жапон соғысына жіберіліп, онда жарақат алып, тұтқынға түскен. Қайтып оралғаннан кейін Әкежан «сатқын және халық жауы» ретінде сотталған…

Фильмді продюсерлер Борис Чердабаев және Әлия Увальжанова бастаған халықаралық команда түсірген.

Жапондар жақтан Сано Синдзю және Шуичи Есимура болды. Басты кейіпкерлердің рөлін Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) сомдады.

бастау кинофестиваль
Фото: "Бастау" кинофестивалінің ұйымдастырушылары

Фестиваль дәстүрлі түрде Tanaris Production және A-Team кинокомпанияларымен Алматы қаласы әкімдігінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Фестивальдің серіктестері — Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі, AlmaU медиа және кино мектебі және Қазақ ұлттық өнер университеті.

Бүкіл көрсетілімдер «Арман» киноорталығында өтеді. Кіру тегін. 

Соңғы жаңалықтар