«Бастау» кинофестивалінде Макс Акбаровтың дебюттік режиссерлік жұмысы көрсетілді

Бастау» кинофестивалінде Макс Акбаровтың дебюттік режиссерлік жұмысы көрсетілді

«Бастау» кинофестивалі аясында «Арман» кинотеатрында Макс Акбаровтың «Дала» атты фильмінің қазақстандық премьерасы өтті. Атақты продюсер және актердің дебюттік режиссерлік жұмысы Bastau Debuts байқауына қатысып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.  

Картина Қазақстан даласындағы браконьерлермен күреске түскен табиғатты қорғау инспекторларының оқиғасын баяндайды. Фильм 2019 жылы браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза тапқан инспекторлар Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновты еске алуға арналған.

Фильм көп уақыттан бері халықаралық көрмелерге қатысты. «Даланы» әлем бойынша 20-ға жуық кинофестивальдің көрермендері бағалап үлгерді. Әзірше авторлардың қоржынында 11 жүлде бар. Енді міне кино отандық кино сүйер қауымға да жетті. 

Бастау» кинофестивалінде Макс Акбаровтың дебюттік режиссерлік жұмысы көрсетілді

«Бұл – әлеуметтік маңызы бар фильм, біз оны кинофестивальдерге барады деп ойлаған жоқпыз. Түсірілімнің өзі өте қызықты, ерекше болды. Әсіресе мен үшін. Себебі бұл – менің режиссерлік дебютім. Қиын сәттер де болды, біз қыста минус 47 градуста түсірдік, боран болды, далада бірнеше сағатта актерларымыз адасып кетті. Жазда плюс 50-де түсірілді, онға жуық көлік бұзылды. Экшн көп болды. Осындай экстремалды кадрлардың арқасында біз Лондондағы International MOTOR AWARDS кинофестиваліне қатыстық, онда соңғы «Форсажбен «Үздік каскадерлік трюктер» номинациясында болдық», - деді дебютант Макс Акбаров.

73 минуттық қысқа хронометражға қарамастан, картинада өте мықты актерлік құрам болды. Кадрдың әр шаршы метрі үшін Дәурен Серғазин, Ержан Түсіпов, Төлепберген Байсақалов, Ерболат Алкожа, Нышанбек Жұбанаев, Сергей Уфимцев, Ержан Жарылқасынұлы, Сейдулла Молдаханов және атақты ресейлік актер Сергей Гармаш секілді танымал актерлер күреседі. Басты рөлді сомдаған Сейдулла Молдаханов түрлі кинофестивальдерде үш марапатқа ие болды, ал Акбаровтың өзі қазан айының басында XV Ташкент халықаралық кинофестивалінде «Үздік дебют» жүлдесіне ие болды. 

Бастау» кинофестивалінде Макс Акбаровтың дебюттік режиссерлік жұмысы көрсетілді

Туынды Ақмола және Қостанай облыстарында түсірілген. Бюджеті шамамен 180 миллион теңге. Фильм келесі жылы прокатқа шығады деп жоспарланған.

Ал 14 желтоқсан күні кешке фестиваль қонақтарын тағы екі қазақстандық премьера – Дәулетжан Махмұттың «Глобус» және Нариман Туребаевтың «Ол шайнекті сатып алды» фильмдері және Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» фильмінің арнайы көрсетілімі күтеді.

Фестиваль дәстүрлі түрде Tanaris Production және A-Team кинокомпанияларымен Алматы қаласы әкімдігінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Фестивальдің ақпараттық серіктестері: «Qazaqstan», «Хабар», «24 KZ», «Ел арна», «Jibek Joly», «Silk Way», «Silk Way Cinema», «Almaty tv», «Alatau tv» телеарналары, «Эльдорадио» және «Народное радио» радиостанциялары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан» басылымдары, «Время», «Baq.kz», «Kazinform», «365 info», «Orda.kz», «Global.news.kz», «Qaz365.kz» порталдары, «Qazcontent» медиакомпаниясы, JAS ÓNER журналы және PRO Production сайты.

Соңғы жаңалықтар