Бастауыш сынып оқушыларына баға қоюда қандай өзгерістер бар

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы Ы. Алтынсарин атындағы № 159 гимназия директорының орынбасары Қалдыгүл Әмірбекова бастауыш сынып оқушыларына баға қоюда қандай өзгерістер бар екенін айтты. 

Бастауыш сынып оқушыларына баға қоюда қандай өзгерістер бар
Фото: Kazinform/ЖИ

Оның түсіндірмесін Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Қалдыгүл Әмірбекованың сөзінше, 2–4-сыныптардағы бағалау тәсілдеріне біршама өзгеріс енгізілген.

— Біріншіден, формативтік бағалаудың үлесі артады. Бұған дейін оның тоқсандық бағадағы үлесі 25 пайыз болса, енді 50 пайыз болады. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені бастауыш сыныпта баланың бір күнгі нәтижесінен гөрі, оның тоқсан бойындағы күнделікті еңбегін, сабақтағы белсенділігін және біртіндеп ілгерілеуін ескеру маңызды. Мұғалім де оқушының нәтижесін жүйелі бақылап, қай тұста қолдау қажет екенін дер кезінде көре алады, — деді ол.

Сонымен бірге, БЖБ, ТЖБ алынып тасталып, аралық бағалау енгізіледі. Енді әр бөлім аяқталғаннан кейін сол бөлім бойынша аралық бағалау жүргізіледі, ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ болмайды. Бұл оқушыға түсетін бағалау жүктемесін азайтады. Бала тоқсан соңындағы бір жұмысқа тәуелді болмай, өзінің нәтижесін оқу барысында көрсете алады.

— Үшіншіден, бағалау тапсырмаларының мазмұны практикалық бағытқа өзгереді. Бұл — мен үшін ең маңызды өзгерістердің бірі. Себебі бастауыш сыныпта баланың ережені жатқа білуі немесе есептің жауабын дұрыс табуы ғана жеткіліксіз. Ол алған білімін қолдана білуі керек. Сондықтан тілдік пәндерде диктант, мазмұндама, шығарма оқу сауаттылығына бағытталған тапсырмалармен толықтырылды. Математикада математикалық сауаттылыққа, ал жаратылыстану мен дүниетануда зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау және қорытынды шығару дағдыларына мән беріледі, — деді ұстаз.

Ол жазбаша жұмыстарды оқушы өз дәптерінде орындалуын да маңызды деп санайды. Себебі, бала дайын үлгіден жауап таңдамайды, өзі жазады, ойын жеткізеді, есептің шешу жолын көрсетеді. Бұл оның жазу дағдысын, каллиграфиясын, зейінін және өздігінен жұмыс істеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Мұғалімнің айтуынша, бесіншіден, енді барлық пән бойынша баланың оқу нәтижесі ескеріледі. Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект, музыка, бейнелеу өнері, еңбекке баулу, дене шынықтыру пәндерінде де баланың жетістігі пәннің ерекшелігіне сәйкес бағаланады. Демек, ұстаздар енді шәкірттердің тек академиялық білімін емес, практикалық, шығармашылық, цифрлық және командалық дағдыларын да көре алады.

Қалдыгүл Әмірбекова тағы бір маңызды өзгеріске тоқталды. Бұдан кейін тоқсандық бағаның 50 пайызы формативтік, 50 пайызы аралық бағалау нәтижесін есептеу арқылы қойылады. Осылайша, баланың күнделікті еңбегі мен бөлімді меңгеру нәтижесі тең дәрежеде ескеріледі.

Ал мұғалімдерге модерация жүргізілмейді. Оған жұмсайтын уақытты ұстаз тиімді пайдаланып, баламен жеке жұмыс істеуі, шығармашылықпен айналысуы керек.

— Жалпы, бастауыш сынып мұғалімі ретінде жаңа тәсілдің басты артықшылығын айқын көріп тұрмын. Бағалау баланың бір реттік нәтижесіне емес, оның тұтас оқу үдерісіндегі үлгеріміне байланысты қойылады. Біздің міндетіміз — балаға тек баға қою емес, оның нені меңгергенін, қай тұста қиналып жүргенін уақытында анықтап, әрі қарай дамуына бағыт беру. Сондықтан бағалау ең алдымен баланың оқуына және дамуына қызмет етуі керек деп ойлаймын, — деп түйіндеді сөзін ұстаз.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Ақмарал Болатқызы бастауыш сыныпта БЖБ мен ТЖБ неліктен алынып тасталғанын түсіндірген еді

Сонымен қатар, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім институты директорының орынбасары Пернегүл Таубай бастауыш сынып оқушыларына жасанды интеллектіні оқыту бойынша мәлімдеме жасаған еді.

Еске салайық, бұған дейін бастауыш сыныптарда бұрын бағаланбаған пәндер бойынша да бағалау жүргізілетінін жазғанбыз.