«Бастауыштың баласы жемқорлықты түсіне ме» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 27 ақпан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Нұр Отанның» кезекті съезі 11 наурызда өтеді» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
«Съезге еліміздің барлық өңірлерінен 1200-ден астам делегат қатысатын болады. Оның ішінде Парламенттегі «Нұр Отан» партиясының мүшелері, облыстық мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясының жетекшілері, шалғай ауылдардың өкілдерін қосқанда 200-ден астам бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, сондай-ақ, 100-ден астам ардагер мен партия белсенділері бар делегаттар қатысады деп жоспарлануда», - делінген мақалада.
Мақалада атап көрсетілгеніндей, съезд ҚР Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен өтеді және онда партияның алдына жаңа міндеттер қойылып, сайлау алдындағы партияның негізгі мақсаттары пысықталады.
Қазақстан халқына Үндеуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Әсіресе, осы күндерде маған жүздеген хаттар келіп түсуде», деп Солтүстік Қазақстан облысының жасы тоқсаннан асқан тұрғыны Байқуаныш Сәрсембин ақсақалдың хатынан үзінді келтірген болатын. Бұл, әрине, барша солтүстікқазақстандықтардың мерейін асыра түсті. «Егемен Қазақстан» басылымының тілшілері Елбасы ауызға алған ақсақалмен көзбе-көз жолығып, сұхбаттасуды жөн деп тауыпты.
«Жамбыл жәкемнің ізін қуып келе жатсам да, зердем әлі мықты, көкірегім ашық. «Темір жәшіктің» жаңалықтарын қалт жібермеймін», - дейді ақсақал «Бұл мен үшін бай қуаныш» деген тақырыппен берілген сұхбатта.
«Қазір жұрт сайлау туралы көп әңгіме айтып жатыр. Қалың көпшіліктің тілегін Президент қабыл алды. Саясаттан алыстау болсам да, бір шындықты айтайын. Неше сайлау өтсе де халқымыз үшін Елбасы біреу, ол - Назарбаев! Қазақстан мен Назарбаев егіз ұғым деп айтып жүрген дуалы ауыздардың пікірін толық қостаймын, айналайын!
Елбасына хатта жазғанымдай, дәл қазіргідей Алтын ғасыр халқымыздың басында ешқашан болған емес. Одан әрі «Нұрлы Жолмен» жетелеп, «Мәңгілік Елге» жеткізуіне шын жүректен тілектеспін. Елбасымыз елімізді биіктерге бастай берсін деген ағалық тілегімді арнаймын. Ал Президенттің атымды атап, хатымнан үзінді келтіргені - мен үшін бай қуаныш. Ата-анам атымды азан шақырып қойғанда осындай бақытты күнге жетсін, қуанышқа бай адам болсын деп ырымдаған шығар. Шүкір, жеттім сол күнге!», - дейді ағынан жарылған Байқуаныш Сәрсембин.
***
«Сонымен, елімізде Президент сайлауына үміткерлерді ұсыну кешеден, яғни 26 ақпаннан басталды. Бұл жайында Астанада Орталық коммуникация қызметінде арнайы брифинг өткізген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлімдеді», - деп хабарлайды «Айқын» басылымы «Президенттік сайлау: үміткерді ұсыну басталды» деген тақырыппен жарияланған мақалада.
«Тұрғанқұлов, сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талапты да қысқаша баяндап шықты. Конституцияға сәйкес сайлауға түсу үшін азаматтың жасы 40-тан төмен емес, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы өмір сүруі қажет. Төрағаның айтуынша, сайлауға үміткерлерді ұсыну 26 ақпаннан басталып, 15 наурызға дейін жүргізіледі. Одан кейін тіркеу 25 наурызда аяқталады. Қазіргі кезде жауапты орган сайлау құжаттарының үлгілері мен науқанды ұйымдастыруға қатысты күнтізбелік жоспарын бекітіп үлгеріпті. Заңға сәйкес 26 наурыз бен 24 сәуір аралығында үгіт-насихат жұмыстары қызады», - делінеді материалда.
«Президент сайлауын өткізуге қажетті қаражат республикалық қазынадан қаралады. Сонымен қатар президенттікке кандидаттар үгіт науқанын жүргізу үшін сайлау қорларын құруға құқылы. Сайлау қоры кандидаттың жеке қаражатынан және кандидатты ұсынған қоғамдық бірлестіктің, азаматтар мен ұйымдар ерікті түрде көрсететін қаржылай көмекпен құрылады. Әрбір кандидаттың сайлау қорының мөлшері 577 млн теңгеден аспауы тиіс. Бұдан бөлек Орталық сайлауком жауапты кезеңге белсенді түрде қатысу үшін халыққа насихат мақсатында тиісті шараларды атқарады» дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
Комиссия төрағасы жалпы науқанға жұмсалатын қаражат жобасын да атады. Бүгінде аталған мәселе Үкіметтің қарауында жатыр. Сонда да шамамен салыстырмалы түрде айтқанда, 2011 жылғы Президент сайлауына 4,4 млрд теңге жұмсалыпты. Әрине, оның 66 пайызы, яғни 3 млрд теңгесі сайлау комиссиясында жұмыс істеген мүшелерге жалақы ретінде төленген.
* * *
Мемлекеттік қызмет істері бойынша және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандары күресті білім ұяларынан бастауды қолға алды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі басылымында.
«Мысалы, былтыр Көкшетауда «Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» деген тақырыптағы сурет байқауы өтті. Өткен аптада Ақтөбеде де балалар жемқорлыққа қатысты сурет салып жарысты. Балалардың бірі жемқорларды көпаяқты бүйі түрінде келтірсе, енді біреулері көпбасты жылан түрінде кескіндеді. Бір қарағанда балалардың суретке қабілетін шыңдап жатқандай көрінеді. Ал анығында... Балалар арасында жемқорлық, СПИД, нашақорлық жайлы байқау өткізу, оларға осы күрделі мәселелерді түсіндірудің өзі дұрыс па?», - делінген «Бастауыштың баласы жемқорлықты түсіне ме» атты мақалада.
«Әрине, ұйымдастырушылардың балаларды жемқорлықтан сақтандырып, олардың құқықтық мәдениетін арттырғысы келгені дұрыс шығар. Бірақ, мұндай күрделі мәселелерді бала санасы қабылдар ма екен? Жемқорлықтың зардабын темір тордың не екенін біле тұра ақша алуын қоймаған ересектер түсінбей жатқанда, балалар қайдан түсінсін? Бала аппақ парақ секілді, қалай жазсаң, солай қалады. Балаларға жақсылықты іспен үйреткен дұрыс, бала санасы соны тез қабылдайды. Абай мен Шоқанды кім тәрбиеледі, әрине, әжелері. Қазір бізде әже институты бар ма? Мұны айтамыз-ау, біздің шенеуніктер енді жемқорлыққа қарсы күрес пәнін өткізуді сұрап отыр. Тіпті сондай сабақтың бірін қостанайлық шенеуніктер бастап та кетті. Балаларды тақта алдына шығарып жемқорлардың атын ататып жатыр. Бұл қалай болды сонда, тұтқындалған министр, қаржы жымқырып шетел асқандардың атын атап, түсін түстегеннен жемқорлық азайып кете ме? Ес біле бастаған оқушылар, студенттердің парақорлық жайлы біліп өскені дұрыс та шығар. Бірақ бастауыш сыныптың, балабақшаның балалары не түсінеді?», - деп сауал тастайды мақала авторы.
***
«Экспрес К» басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстанда жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау оқиғалары күрт көбейіп кеткен. Жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған екі бала өздеріне қол жұмсап, дүние салған, тағы төртеуі осы өмірмен өз еріктерімен қоштаспақ болыпты.
«Мәселен, аграрлық-техникалық колледждің бірінші курс студенті жатақханада өзіне өзі қол салған. Бойжеткен анасымен және өгей әкесімен жақсы қарым-қатынаста болмаған, анасы одан стипендияны беріп отыруды талап еткен. Оның үстіне жүрген жігітімен қатынас үзіледі. Қыз бала тұйық, сабаққа соншалықты қызықпаған және тәртіпті бұзып отырған. Бірнеше рет оны ереже бұзғаны үшін арнайы кеңеске шақыртқан», - делінген «Остановите Землю, я сойду» атты мақалада.
«Студенттердің сөзіне қарағанда, бойжеткен бұның алдында өзіне қол салатындығын айтқан», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.
Колледж психологы ол туралы хабардар етілген, бірақ тиісті шараларды қолға алмаған. Студент қыздың өлімінен кейін, осы колледжде өзіне қол жұмсаудың тағы бір сәтсіз фактісі тіркелді.