Басты міндет – жұмыссыздарға жан-жақты қолдау көрсету – Тамара Дүйсенова
АТЫРАУ. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Атырау облысындағы бірқатар өнеркәсіптік нысандардың жұмысымен танысты. «Теңізшевройл» компаниясының өкілдерімен және «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесті.

Алдымен «Еділ-Орал» оқу-өндірістік орталығының жұмысы ұсынылды. Орталық электр, желдету жүйелері, механика мен кабель монтаждау, телекоммуникация салаларында сынаққа қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда техникалық мамандықтарды меңгерген түлектердің білімі мен құзіреттік деңгейі тексеріледі. Барлық сынақтан өткеннен кейін оларға кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға жол ашатын сертификат беріледі.

«Басты міндетіміз – жұмыссыз азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. Бұл ретте аймақ әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мемлекет тарапынан жұмыссыз азаматтарға қатысты түрлі жобалар қарастырылған. Біліктілігін шыңдаймын дегендерге оқу курстары, өз кәсібін ашқысы келетіндерге жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Азаматтарымызды қолдау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек», -деді Тамара Дүйсенова.
Мәселен, «Теңіз» кен орнындағы «Келешек кеңею» жобасының аяқталуына байланысты қызметкерлер жұмыстан босатылып жатыр. Облыс әкімдігінің дерегіне сәйкес, былтыр жұмыстан босатылғандардың 96%-ы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Жартысынан астамы жұмысқа орналасқан. Өзгелеріне әлеуметтік төлемдер тағайындалып, бір бөлігі оқу курстарынан өткен.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасымен былтыр 1,5 млрд теңгенің 192 шағын несиесі берілді. Биыл өңірге аталған жоба аясында 761 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржымен 83 адам жеңілдетілген несие алады деген жоспар бар.
Мәселен, бағдарламаға қатысушылардың бірі – Қуаныш Якудин Тасқала ауылында тұрады. Ол құлпынай егуді қолға алғалы отыр.

«Мен кәсіп ашпас бұрын оқу курстарынан өттім. Құлпынай өсірудің өз ерекшелігі бар. Сондықтан, оның екі түрін егуді көздедім. Қайсысы жақсы өнім беретінін бақылауым керек», -дейді Қуаныш Якудин.
Қазір Атырау облысында 51 жылыжай бар. Жылыжайдың денінде көкөніс өсіріледі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда кәсіпкерлер үшін құқықтық алгоритм әзірленетінін хабарлаған едік.
