Басты мақсат - халықаралық стандарттарды ұлттық статистикалық іс жүргізуге уақытылы әрі толық енгізу - С. Әйімбетов

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгінгі күнгі негізгі мақсат - халықаралық стандарттарды ұлттық статистикалық іс жүргізуге уақытылы әрі толық енгізу. Ал осы стандарттарды енгізу жұмыстарын жүзеге асыру кезінде халықаралық сарапшылармен қатар статистиканың түрлі салаларындағы отандық сарапшыларды да тарту қажет. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.

Басты мақсат - халықаралық стандарттарды ұлттық статистикалық іс жүргізуге уақытылы әрі толық енгізу - С. Әйімбетов

Депутаттың айтуынша, Статистика агенттігі мемлекет пен қоғамды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін ведомстволардың статистикалық көрсеткіштерін бір жүйеге түсіруді көздейтін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің мемлекеттік статистикамен үйлестіруін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дер кезінде әзірлеген. «2012 жылғы 10 шілдеде Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты баяндамасында Агенттікке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экономика және сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп өзiн-өзi еңбекпен қамтығандар тобындағы еңбекке қабiлеттi халықты жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудың әдiстемесiн әзiрлеу және жұмыссыздық деңгейін айқындау әдістемесін жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Біздегі деректер бойынша, Агенттік Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары мен ұсыныстары негізінде әдіснаманы әзірлеп те қойған, бірақ сапалы деректер алу үшін Агенттіктің зерттелетін үй шаруашылығы санын тиісті түрде қаржыландыруды ұлғайта отырып, оны 5 пайызға дейін арттыру жөніндегі жұмысын қолдау қажет деп есептейміз. Мұның өзі жұмыспен қамту және жұмыссыздық жөніндегі деректерді аудандар және қалалар бойынша тоқсан сайын жедел түрде алып отыруға мүмкіндік береді. Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш небары 0,5 пайызды құрайды», - деді С. Әйімбетов. Оның айтуынша, әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер бойынша сапалы әкімшілік деректер ұсыну жұмысын күшейту қажет. Мұның өзі соған жұмсалатын шығындарды есептеу үшін тиімді құрал болар еді.

«Соңғы жылдары ішкі туризмнің экономикалық тұрғыдан маңызды екендігі біздің ұғымымызға дендеп ене бастады. Сондықтан Агенттіктің ішкі туризмді дамыту үшін өздігінен ұйымдастырылатын туризмді бағалау әдістемесін енгізе отырып, туризм статистикасы бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірлеуі қажет деп есептейміз. Түптеп келгенде, еліміздің экономиканы дамытудың «жасыл» жолына түсуі үшін «болашақтың энергиясын» жасауда ғылым мен инновациялық технологиялардың жетістіктері қуатты серпін беретінін айта кеткен жөн. Осы мәселені шешу жолында Агенттік «жасыл экономиканы» енгізу туралы статистикалық ақпарат алу үшін инновацияларды, энергия мен ресурстардың үнемделуін, энергияның жаңартылған көздерін енгізуді бағалау әдістемесін әзірлеу жөніндегі кешенді іс-шараларды қарастыруы қажет», - деді депутат.