Басты рөлді әйелі сомдап, өз пьесасын қоятын театр директорлары да бар - А.Мұхамедиұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кейбір театр басшылары өз пьесасын сатып алады. Содан кейін ақша табу үшін өзі режиссер болады. Басты рөлде сүйікті жары және өзі де ойнайды.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.
«Қазіргі уақытта бізде 9 өңірлік театрда бас режиссер жетіспейді. Сонымен қатар бас режиссердің лауазымын кәсіби білімі жоқ адамдар атқарғаны жайында да деректер бар. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі 2 нақты жүйе ұсынып отыр. Әр театрда классикалық тұрғыдан директор болуы керек. Екіншіден, көркемдік жетекші болуы тиіс. Мұндай саясат бүкіл дүние жүзінде бар», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, театрлардың басым бөлігінде, яғни 70 пайызында директордың қойылымдары сахналануда. Ал мұндай олқылықтарға жол бермеу қажет.
«Директор болған соң өз пьесасын сатып алады. Содан кейін ақша табу үшін өзі режиссер болады. Басты рөлде сүйікті жары және өзі де ойнайды», - деді А.Мұхамедиұлы.