«Бастықтар креслоға лифтпен емес баспалдақпен жетуі тиіс» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығының тағы бір белесі болып белгісіздіктің белгісі көп 2013 жыл табалдырықтан аттады. Күллі әлем үшін өткен жылдың байырқалы бағасын беріп, келіп жатқан жылдың міндетті межелерін белгілеп алатын жауапты шақ туды. Дегенмен, тап осы тұста Еуропаның елеңдеп, Американың алаңдап отырғаны анық байқалады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, бұған ең алдымен 2012 жылдың қорытындылары көпшілік күткендегіден көп төмен болып шыққаны себеп болған сияқты. Бұл жылғы қараша айында еуроаймақтағы жұмыссыздықтың деңгейі рекордтық мөлшерге жетті. Ал биылғы жылы кәрі құрлық елдерінің былтыр басталған үнемдеу бағытын бұрынғыдан бетер арттыра түспек ниетте екенін ескерсек, келер күндер кемеріндегі көкжиектің қандай түспен боялғалы тұрғанын пайымдау тағы қиын емес. Мақала «Елеңдеулі Еуропа, алаңдаулы Америка» деген тақырыппен берілген.

Үстіміздегі жылдың ақпан айының соңында Храпуновтар отбасына байланысты Женева прокуратурасы қозғаған алдын ала тергеу ісі аяқталуға тиіс. Өткен жылдың қараша айында Швейцарияға аударылған ақша қаражатының бастауын табу мақсатында прокурор Жан-Бернар Шмид тергеу шараларын қолға алған болатын. Бұл іске Виктор Храпунов пен оның зайыбы Ләйла Бекетова-Храпуновадан басқа, кезінде «Swiss Development Group» компаниясының президенті болған, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «адал, тәртіпті кәсіпкер» ретінде жарнамаланған олардың ұлдары Ілияс та тартылды. Міне осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Храпуновтар байлығы қалай құралған?» деген тақырыппен берілді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше ресейлік телеарналар Үн­діс­тан­дағы қарсылық акциясын көрсетіп жатыр. Парламентте үндістердің мүддесін қорғайтын Бхаратия джаната партиясы Әулие Валентин күнін жаппай мерекелеуге қарсы шаралар ұйым­дастырыпты. Жергілікті халық махаббат мерекесін тойламақшы болған жекелеген адамдарды сабауға дейін барған. Бұл мерекеге дайындалып, жарнама берген тойханалар талқандалған. «Өйт­кені бұл күні қыздарға тиісетіндер, әйел зорлаушылар көбейетін көрінеді. Үнді діни басшысы Асарам Бапу бұдан екі-үш жыл бұрын 14 ақпанды «ата-аналар күні» немесе «ата-аналарды еске алу күні» деп атауды ұсынған болатын. Былтырдан бастап үндістер бұл күні әке-шешелерін құттықтай бастапты», - делінген «Валентинге бәрі қарсы» деген тақырыптағы мақалада.

Осы басылымның бүгінгі нөмірінде Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фооспен арадағы сұхбат «Сайлау 50 округті қамтиды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстан - 2050» Стратегиясында Президент Н.Назарбаев ауылдық округтер­дің, поселкелердің, сондай-ақ аудандық ма­ңыз­дағы 50 қаланың әкімдері сайланатын­дығын жария етті. Сонда жалпы қарасы 2500-ден асады. Бұл - Мемлекет басшысы айтқанындай, барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7%-ы. Осылайша, аза­маттармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселелерді жергілікті жерлерде шешумен шұғылданатын барлық дерлік әкімдер сай­лаумен қамтылады», - дейді.

***

«Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Бастықтар креслоға лифтпен емес баспалдақпен жетуі тиіс» деген тақырыппен жарық көрген мақалада мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру, шенеуніктердің жемқорлыққа жақындығы мәселесі айтылған. Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, былтыр 1600-ға тарта лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 450-і республикалық деңгейдегі лауазым иелері болса, қалғандары қалалық және ауылдық деңгейдегі шешеуніктер екен.

Соңғы жаңалықтар