Басым жобаларды іске асыруға 379,9 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Басым жобаларды іске асыруға 379,9 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
«Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 1 шілдеде және 9 қыркүйекте өткен кеңесте берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында басым жобалар мен іс-шараларды іске асыруға 379,9 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу ұсынылады. Оның ішінде 283,4 млрд. теңгені өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және экономикалық өсуді ынталандыруға ескеріліп отыр»,-деді министр.
Сонымен қатар бұрын бекітілген бюджет қаражатын қайта бөлу және 96,5 млрд. теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлуді ескере отырып, басқа да басым шығыстарды қосымша қаржыландыру ұсынылды.
«Бұл ретте, Ұлттық қордың айтарлықтай төмендеуіне жол бермеу мақсатында 2016 жылы кепілдендірілген трансферттің мөлшерін 2 трлн. 880 млрд. теңгеден 2 трлн. 479,7 млрд. теңгеге дейін қысқартып, кепілдендірілген трансфертті 400,3 млрд. теңгеге аз көлемде тарту ұсынылады»,-деп атап өтті Қ. Бишімбаев.
Бұдан бөлек ол бюджет тапшылығы бекітілген 902,7 млрд. теңге немесе ЖІӨ-ге қатысты 2 пайыз деңгейінде сақталғанын жеткізді.