Басына кірген бамбук таяғын 8 ай бойы байқамаған
АСТАНА. 19 желтоқсан. Қаз Ақпарат - Дәрігерлер егде жастағы қытай әйелінің басында сегіз ай бойы бамбук таяғы болғанын анықтады. 61 жастағы Фу Цзиньфен беті мен үстіңгі жақ сүйегінің арасында тұрып қалған бөтен зат туралы мүлде білмеген. Зейнеткердің туыстары желтоқсан айында Фу Цзиньфеннің тамақ жеген кезде аузын еркін аша алмайтынын байқаған соң медицина қызметкерлеріне хабарласады. Сондай-ақ, оларды әйелдің бетіндегі сегіз айға жуық уақыт бойы жазылмаған жара қатты алаңдатқан, деп жазады utro.ru.
Хунань провинциясында орналасқан Чанша қаласы ауруханасының дәрігерлері Фу Цзиньфеннің басын сканерден өткізіп, емделушінің бетінде мен үстіңгі жақ сүйегінің арасында тұрып қалған ұзындығы 12 сантиметрге жуық бамбук таяғын тауып алған. Хирургтар зейнеткердің басынан бөтен затты алып тастау үшін ота жасады.
Фу Цзиньфен қалайша бамбук таяғының өзінің басынан табылғанын айта алмаған. Тек қана оқиға биылғы жылы сәуірде орын алғаны белгілі.