Басында атүсті қараймыз да, жылдың соңында кінәлі адамды іздейміз - Үкімет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жылу маусымы басталғалы бері «Арселлор Миталлға» қарасты ЖЭС-2-де 17 апаттық жағдайдың болғанын, бүгін таңғы сағат 6:20-да екі қазандықтың тоқтап тұрғанына қарамастан тағы бір қазандықтың істен шығу мәселесін көтерді. Осыған байланысты Үкімет басшысы Қарағанды облысының әкімі Нұрмұxамбет Әбдібековтен есеп беруді талап етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басында атүсті қараймыз да, жылдың соңында кінәлі адамды іздейміз - Үкімет басшысы

«Теміртаулықтардың үйлерінде ауа температурасы 16 градустан жоғары көтерілмейді. Ал ауа-райы күрт суытып кеткенде 12 градусқа дейін түсіп кетеді», - деді Сағынтаев.

Осы орайда Қарағанды облысының әкімі Нұрмұxамбет Әбдібеков ондай жағдайдың бар екенін мойындады. Алайда бүгіннен қалдырмай, бір қазандықты, ал ертең тағы бір қазандықты іске қосуға уәде берді. Аймақ басшысының айтуынша, екі күннен кейін теміртаулықтардың үйлерінде тұрақты температура орнайтын болады.

«Жалпы, жылу маусымы басталғалы бері Теміртауда жылу берілмей қалған кез бірде-бір рет болған жоқ. Иә, әзірше температуралық режим төмен. Оның барлығы қазандықтардың істен шығуына байланысты», - деді Әбдібеков.

Дегенмен, Үкімет басшысы ондай жауапқа қанағаттанған жоқ.

«Нұрмұxамбет Қанапияұлы, 12 градустық жылуды беріп жатырмыз деп, мақтанудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ондай жағдайда жылу берілмей қалған бірде-бір күн болмады деудің өзі дұрыс емес. Неге бірінші қазандықты жөндеу жұмыстары енді ғана аяқталып жатыр? Министрліктер дұрыс бақыламады ма? Апта сайын селекторлық отырыс өткіземіз, ылғи айтамыз. Бізде энергетикалық қадағалау және тағы басқа органдар бар. Басында атүсті қараймыз да, жылдың соңында кінәлі адамды іздейміз. Ақыр соңында xалық қиналады. Осының бәрін бірден реттеп алуға болмады ма?», - деді Сағынтаев.

Осы орайда Премьер-Министр екі күннен кейін Теміртаудағы жылуды қалпына келтіру - жұмыстың тағы бір мәрте тексерілетінін ескертті.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев болса, аталған проблема жайында бір ай бұрын айтқанын жеткізді.