БАТЭ-мен өте қиын ойын болады - «Астана» ФК бас бапкері

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Астана" ФК бас бапкері Станимир Стойлов Еуропа лигасының плей-офф сынында кездесетін беларусьтық БАТЭ командасына қатысты пікірімен бөлісті.

 БАТЭ-мен өте қиын ойын болады - «Астана» ФК бас бапкері

"Мен өте ауыр, қиын ойын болады деп болжап отырмын. БАТЭ - Еуропада 10 жылдан бері Чемпиондар лигасында немесе Еуропа лигасында өнер көрсетіп жүрген өте тәжірибелі клуб. Біз де соңғы екі жылда Еуропада жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп жүрміз. Бізді ауыр екі матч күтіп тұр. Кім ойын өрнегін жақсы ұйымдастыра алса, футбол сәттілігі кімге жолдас болса - сол команда жеңіске жетеді. Егер біз өзіміздің жоғары деңгейімізді көрсете алсақ, келесі кезеңге өтеміз", - деді бас бапкер.

Айта кетейік, "Астана" футбол клубы ертең, 18 тамызда Астана Арена стадионында БАТЭ командасын қабылдайды.

"Жақсы ойын болады деп күтеміз. Үйде гол өткізбеген дұрыс. Егер бір-екі немесе одан да көп сала алсақ, жақсы болар еді. Бірақ ең бастысы - гол өткізіп алмау", - деді ол.

Дегенмен, Стойловтың айтуына қарағанда, "Астана" қорғаушылардан тапшылық көруде. Мұның алдында "Селтикпен" болған кездесуде екі қорғаушы Шитов пен Шомко төрешімен жазаланған болатын. Соның кесірінен ойынға қатыса алмайды. Енді команда тек 4 қорғаушымен қалып отыр.