Батыл шешім қабылдаңыздар: Бектенов министрліктің кемшілігін атады
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тәсілін өзгертіп, отандық өндірушілермен және шетелдік инвесторлармен өзара байланыстарды жандандыруы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
«Ендігі тағы бір маңызды міндет – отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту. Біз жергілікті дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдап, жаңа өндірістер ашу үшін қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Өзіміздің отандық фармөндірісі дәрілік заттардың импортын азайтуға және нарықтағы бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан қазақстандық зауыттардың өндірістік қуатын ескере отырып, оларда өнім шығару көлемін ұлғайту керек. Бұл салаға ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялар мен ғылыми ұйымдарды да тарту қажет. Осы жерде тоқтала кететін мәселе, маған отандық және шетелдік инвесторлар салалық министрлікпен өзара байланыс жасау қиын екенін айтады. Олар біздегі жаңа жобаларды қолдау және қазақстандық дәрілерді жеткізу үшін ұзақ мерзімді шарт жасау мәселесін көтеріп отыр», - деді О. Бектенов.
Бұл тұрғыда Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тәсілін өзгертіп, отандық өндірушілермен және шетелдік инвесторлармен өзара байланыстарды жандандыруы керек екенін тапсырды.
«Шешім қабылдауда батылырақ болыңыздар. Жаңа өндірістерді ашуға жағдай жасалуы тиіс. Сондай-ақ, өзіміздің зерттеулерімізді дамыту қажет. Оның ішінде жоғары технологиялық өндірістер мен технологияларды шетелден трансферттеу мәселесіне де тиісті көңіл бөлген жөн. Бұл жұмысқа Ғылым және жоғары білім министрлігі атсалысуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Олжас Бектенов 2025 жылға арналған дәрі-дәрмекті жеткізу рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.