Батыр атағына ұсынылып, бірақ берілмеген ақмолалық батыр Қожамсейіт Шаяхметов

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының тумасы Қожамсейіт Шаяхметов сөзсіз ерлік көрсеткен соғыста. Батыр атағы берілмеген, бірақ. Неге екені белгісіз. Көзсіз ерлігі, сөзсіз батырлығын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Қожамсейіт Шаяхметов
Фото: Т.Қасымжановтың жеке архивінен және Атбасар тарихи-өлкетану музейінен

Атбасар қаласының тұрғыны, өлкетанушы Темірбек Қасымжановтың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Қожамсейіт Шаяхметов 1923 жылдың 23 ақпанында бұрынғы Торғай облысы Қима ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген екен. 

«1941 жылы соғыс басталып ел басына қаралы күн туады. Ер азаматтардың барлығы қолдарына қару алып майданға аттанып жатты. Соғыстың нағыз қызған шағында 1942 жылдың сәуір айында 19 жасар жас жігіт Қожамсейіт Шаяхметов әскер қатарына шақырылады. Сталинград түбіндегі қанды қырғындарға қатысады», - дейді Темірбек Қасымжанов.

Айтуынша, Қожамсейіт Шаяхметов бірінші Беларус майданы құрамында Дон, Оңтүстік Батыс және Украина, Молдова, Польша жерлерін басқыншылардан тазарту кезінде батылдығымен көзге түседі. Майдан даласында көрсеткен ерліктері бағаланып «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту», І-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және «Ерлігі үшін» тағы да басқа медальдармен марапатталады. 

Қожамсейіт Шаяхметов
Фото: Т.Қасымжановтың жеке архивінен және Атбасар тарихи-өлкетану музейінен

1945 жылдың көктемінде Берлин қаласы үшін болған соңғы шайқаста көзсіз ерлігімен танылады. Командование гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметовты Батыр атағына ұсынады. Неге екені белгісіз бұл атақ иесіне тапсырылмаған. 

1947 жылы елге оралған Қожамсейіт Шаяхметов бейбіт өмірге бел шеше араласады. Қалмұрза (Николаевка) ауылында мал шаруашылығының өркендеуіне атсалысады. Бәйбішесі Биғайша Жөргенбайқызы екеуі тоғыз ұл, үш қызды тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырады. Жерлестері батыр деп таныған майдангер Қожамсейіт Шаяхметов 1987 жылдың 1-ші сәуірінде өмірден өтті. 

«Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігімен танылған біршама қазақ азаматтарының Батыр атағын ала алмағаны айтылып, жазылып жүр. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сияқты Батырларымызға тәуелсіз еліміздің «Халық қаһарманы» атағы берілді. Солар сияқты Қожамсейіт Шаяхметовке де «Халық қаһарманы» атағы берілсе, әділдік жолы осы болар еді», - деп қосты өлкетанушы.

Айта кетсек, бұдан бұрын Жеңіс күні қарсаңында ақмолалық ардагерлерге 3 млн теңгеден берілетінін жазған едік.