Батырхан Төлеуғали Астанадағы Гран-при додасын күміс медальмен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өткен Гран-при финалында күміс жүлдегер атанған қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали шешуші жекпе-жектегі сәтсіздіктің себебін түсіндіріп, жанкүйерлерге алғысын жеткізді. Бұл туралы ҰОК мәлім етті.

Батырхан Төлеуғали Астанадағы Гран-при додасын күміс медальмен аяқтады
Фото: ҰОК

Отандасымыз жарыстан кейінгі берген сұхбатында финалдық жекпе-жекке тоқталып, қазақ жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

— Жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды. Өз жерімізде өтіп жатқан жарыста бізге жанкүйер болып, қолдау көрсеткен барша қазақстандыққа алғыс айтамын. Финалдық жекпе-жекте бар күшімді салып, жеңіске жету үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Екінші раундта біраз шаршап қалдым. Соған қарамастан, үшінші раундта мінез көрсетіп, соңына дейін күрестім. Қарсыласым Иран елінің таеквондошысы. Шынымды айтсам, ол финалға өтеді деп ойламадым. Бірақ ол өте мықты спортшы. Әділ жолмен жеңді. Сондай-ақ жартылай финалда грузиялық таеквондошы біраз қиындық тудырды. Ол негізі 74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Бұған дейін онымен өткен жекпе-жектерде жеңіске жетіп жүрген едім. Бірақ осы жарысқа жақсы дайындындықпен келгені көрініп тұрды. Жалпы, биылғы жыл өте жақсы басталды. Бірнеше оқу-жаттығу жиынына қатысып, тәжірибе жинадық. Сондай-ақ ирандық бапкер де келіп, бізге көп нәрсе үйретті. Дегенмен жетпей қалған тұстар да болды. Жинаған тәжірибеміз алдағы жылы немесе Олимпиада ойындарында көмегін тигізеді деп ойлаймын, — деді Батырхан Төлеуғали.

Айта кетейік, бұған дейін Батырхан Төлеуғали таеквондодан Астанадағы Гран-приде әлем чемпионын жеңген болатын.