Батыс Қазақстан облысы сұйытылған газға деген қажеттілігін жаба бастады
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы сұйытылған газға деген қажеттілігін жаба бастады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Нариман Төреғалиевтің мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осыдан бір ай бұрын Батыс Қазақстан облысында Үкімет басшысының қатысуымен «Рожковское» газ кен орны іске қосылған болатын.
«Аталған іс-шара барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат бергенімде, жаңа кен орны облысымыздың сұйытылған газға деген сұранысын жабатынын айтқан едім. Енді, міне, араға тура бір ай салып кен орнынан өндірілген 1 100 тонна сұйытылған газ облыс қажеттілігіне бөлінді. Ай сайын осындай көлемде өңірге cұйытылған газ жеткізіліп тұратын болады. 2024 жылдың соңына дейін кен орнында 4 ұңғыманы пайдалануға беру жоспарда бар. Осылайша, өндіріс қуатын арттырып, бұрынғыдай сұйытылған газды басқа облыстардан әкелуден арыламыз. Бұл – бірлескен еңбектің нәтижесі. Өндіріс орнында еңбек етіп жүрген газ саласының барлық қызметкеріне ризашылығымды білдіремін», - деп жазды БҚО әкімі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Рожковское» газ конденсаты кен орны пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.