Батыс Қазақстан облысына басты қауіп - Жайық өзені суының көтерілуі

Жайық
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысына басты қауіп Жайық өзені суының көтерілуі болып тұр. Бұл туралы БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш айтты.

«Облыс бойынша су тасқынының алдын алу апаттық құтқару жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Облысымызға су келуіне байланысты жергілікті ауқымдағы 6 төтенше жағдай жарияланған. Соңғы мәліметтер бойынша 13 732 адам, оның ішінде 5 703 бала эвакуацияланды. Көпшілігі туған-туыстарының үйіне орналасты. Облыс бойынша 13 эвакуациялып пунктте 2 300 адам орналасқан. Қазіргі уақытта облысымызға еріген қар суынан келетін қауіп жоқ. Басты қауіп - Жайық өзенінің су деңгейінің көтерілуі. Сол себепті барлық күш-құрал Жайық өзені бойында орналасқан елді мекендерді судан алып қалу үшін жұмыс істеп жатыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның атап өтуінше, Жайық өзенінің жағасын биіктету, нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Жайық өзенінің бойынша 84 елді мекен орналасқан. Сол елді мекендердің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау, құлақтандыру және үйлерді аралау қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 9 елді мекен жол қатынасынсыз қалып отыр», - деді Нұржан Төлеуіш.

Ресми өкілдің дерегінше, БҚО-ға республиканың 7 өңірінен қосымша күш-құралдар бөлінген. Олардың басым бөлігі өңірге жетті. 6 501 маман, 683 техника, 114 жүзу құралы және 3 әуе кемесі су тасқынымен күреске жұмылдырылған.

Соңғы жаңалықтар