Батыс Қазақстан облысында 444 мыңнан астам дауыс беруші тіркелген
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында таңғы сағат 07.00-де барлық референдум учаскесінде дауыс беру басталды.

Орал қаласындағы Х.Доспанова атындағы №30 орта мектепте орналасқан №435 референдум учаскесінде дауыс беру қалыпты өтіп жатыр. Алғашқы болып келгендерге ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
«Учаскеде барлығы 2 500 дауыс беруші азамат тіркелген. 2 512 бюллетень бар. 6 адам есептен шығару куәлігін алған. 54 адам үйден дауыс беруге өтініш берді. Алдын ала шақыру билеттерін үлестірген кезде де тұрғындар өз таңдауын жасайтынын ауызша білдірді. «AMANAT» партиясынан, «Абырой», «Дауыс» және «Ғасыр» қоғамдық бірлестіктерінен байқаушылар дауыс беру барысын бақылап отыр», - деді комиссия төрайымы Дарья Қабдоллиева.

Осы мектепте сондай-ақ №410 сайлау учаскесі де орналасқан. Комиссия төрайымы Әйгерім Абдрахманова мұнда 2 682 дауыс берушінің тіркелгенін жеткізді.
«Бірінші болып дауыс бергендердің арасында егде адамдар да, сонымен қатар жасы 18-ге толған жас та бар. Оларға ескерткіш сыйлықтар бердік. 7 азамат есептен шығару куәлігін алса, 23 адам үйден дауыс бермекші. Сағат 12-ге дейін уақыт бар, әлі де өтініш беруге болады», - деді Ә.Абдрахманова.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан түскен мәліметке қарағанда, облыста 681 сайлау комиссиясы болса, референдумда соның 510-ы, яғни құрамында барлығы 3 220 комиссия мүшесі бар 14 аумақтық және 496 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеуде.
Биыл Орал қаласында 5 жаңа сайлау учаскесі құрылып, бұл учаскелерде комиссия мүшелері жасақталды.
Облыстағы барлық учаскелер бірінші қабатта орналасқан, 443 учаске пандустармен, 412 учаске кіреберіс, 373 учаскенің іші әртүрлі тактильді белгілермен жабдықталды. Сайлау учаскелерінде мүгедектер арбасымен жүретін 264 азаматтың қолжетімділігін ескере отырып, жасырын дауыс беруге арналған кабиналар орнатылды. Облыстарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау үшін қосымша 53 учаскеде пандустар, 84 учаскенің кіреберісіне, 123 учаскелердің ішіне әртүрлі тактильді белгілер қойылды.

Дауыс беру күні инватаксилерді тарту мәселелері пысықталды. Жалпы 28 автокөлік пайдаланылса, соның 14-і облыс орталығында жүретін болады. Сонымен қатар референдум күні 10 сурдоаудармашы да тартылады. Дауыс беру күні қажет болғанда әлеуметтік қызметкерлер жұмысқа қосылады.
Батыс Қазақстан облысында дауыс беру тізіміне 444 428 адам енгізілген. Олардың референдумға қатысуы үшін барлық әзірлік жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың учаскелерге барып, тізімдер бойынша өздерін тексеруіне толық жағдай жасалды. Сондай-ақ дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтар хабардар етілді, яғни шақыру билеттері үлестіріліп, референдумға қатысуға шақырылды.
Дауыс беру күні қарсаңында барлық референдум учаскесінде бірыңғай «Ашық есік» күні өткізілді. Бұл күні учаске төрағалары азаматтарға референдум заңнамаларын қосымша түсіндіріп, дауыс беру ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді.