Батыс Қазақстан облысында FIFA стандарттарына сай футбол алаңы бар стадион ашылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында қайта жаңғыртылған «Жастар» стадионы пайдалануға берілді, деп хабарлады БҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Стадионның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, тапсырыс берушілер мен мердігер компания басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналғандарды Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жаңарған спорт нысанының ашылуымен құттықтады. Ол бұқаралық спортты дамыту және ұлт саулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023-2026 жылдары жаңа 132 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 24 спорт нысаны салынды. Барлық аудан орталығы мен ірі ауылдар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылды. Енді мұндай заманауи нысандар шағын елді мекендерде бой көтеріп жатыр. Қайта жаңғыртылған «Жастар» стадионы жас спортшыларды жаңа белестерге қанаттандыратынына сенім мол, – деді Нариман Төреғалиев.
Көпбейінді спорт кешені «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында қайта жаңғыртылды.
Мұнда заманауи спорт залы, FIFA стандарттарына сай футбол алаңы, ұлттық ойындар мен жаттығуларға арналған алаңдар, жүгіру жолдары және экстремалды спорт түрлеріне арналған арнайы аймақ қарастырылған.
Жобаны уақытылы әрі сапалы жүзеге асырған «Қалдығайты» мердігерлік компаниясына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Салтанатты рәсімнен кейін аймақ басшысы спорт алаңдарын аралап, мекеме басшылығымен, бапкерлермен және жас спортшылармен тілдесті.
Стадиондағы құрмет тақтасына Бөрлі ауданынан шыққан әлем чемпиондары Темірлан Көлбай, Гүлдана Әлмұхамбетова, Мерует Байниязова, Мәлік Мұқашев және Азария Хаммидуллинаның суреттері қойылып, спорттық жетістіктері жазылған.
Облыс әкімі бұл бастаманы оң бағалап, әлем чемпиондарының жетістіктері жас спортшыларға үлгі болып, оларды жаңа белестерге ынталандыратынына сенім білдірді.
Сонымен қатар «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары аясында Ақсай қаласында оңалту орталығы, Оқушылар және жастар сарайының құрылысы жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында «ҚПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған еді.