Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшылығы туындады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында сұйытылған мұнай газы жетіспей отыр. Орал қаласындағы газ бар деген автогаз құю стансаларының өзінде жүргізушілер кезекке тұруға мәжбүр.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Атырау мұнай өңдеу зауыты қазанның 1-інен 25-іне дейін жоспарлы жөндеуге уақытша жабылды. Осыған байланысты Энергетика министрлігі аталған зауыт арқылы тұтынушы өңірлерді еліміздің басқа мұнай өңдеу зауыттарына бағыттады. Мирас Рүстемұлының сөзіне қарағанда, айталық, қазіргі кезде Атырау облысы үшін «Жайықмұнай» ЖШС сұйытылған газды таратып отыр (Атырау үшін 2 490 тонна жоспар белгіленген).
Серіктестік тәулігіне 220 тонна сұйытылған мұнай газын, соның ішінде 120 тоннасын БҚО-ға, 100 тоннасын Атырау облысына жіберіп отыр.
«Қалыптасқан жағдай сақтау базаларындағы қалдықты азайтып, бірқатар автогаз құю стансасында газ құюды шектеп, талонға көшуге соқтырды. Осыған байланысты Энергетика министрлігі басқа көздерден қосымша сұйытылған мұнай газы көлемін бөлу мәселесін қарастыратын болады», — деді Мирас Мүлкәй.
Оның айтуынша, тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарында Батыс Қазақстан облысының ішкі нарығы үшін сұйытылған мұнай газын алушы ретінде 19 нысан ұсынылған. Облыс бойынша 109 автогаз құю стансасы болса, орташа айлық тұтыну көлемі — 4 мың-4 500 тонна.
«Батыс Қазақстан үшін төртінші тоқсанға 11 566 тонна (қазанда — 3 510 тонна, қарашада — 4 030 тонна, желтоқсанда — 4 026 тонна) сұйытылған мұнай газын жеткізу көзделген. 14 қазандағы мәлімет бойынша «Жайықмұнай» ЖШС қазан айында негізгі жоспар бойынша 1 442 тонна газды немесе 41 пайызын жеткізбекші», — деді Мирас Мүлкәй.
БҚО полиция департаментінің мәліметі бойынша өңірде барлығы 202 937 көлік тіркелсе, соның 22 432-сі газбен жабдықталған. Өткен жылмен (15 650) салыстырғанда 30 пайызға өсіп отыр.
Жүргізушілердің сөзіне қарағанда, «Нэфтек» автогаз құю стансаларында газ құю үшін әуелі сусын, шоколад, шай секілді тауарлар сатып алу керек.
Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшылығының туындауы бірінші рет емес. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы туындағанын жазған болатынбыз.