Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында су тасқынынан 400-ге жуық адам құтқарылып жатыр

ҚАРАТӨБЕ. KAZINFORM – 27 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы тасқын судың астында қалды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге тікұшақпен аталған елді мекенге барып, тұрғындарды құтқару жұмыстарына жетекшілік етті.

БҚО
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы ауыл халқымен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты. 

БҚО
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

«Баршаңызды сабырға шақырамын. Табиғи апат салдарынан облыстың бірнеше ауданы зардап шегіп жатыр. Сіздерге келген шығын бойынша арнайы комиссия құрылады. Келтірілген залалдың бәрі есептеледі. Мемлекет тарапынан тиісті көмек беріледі. Қазір сіздерді төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірге су тасқынынан құтқаруға келдік. Тікұшақпен баршаңызды аудан орталығы Қаратөбеге, қауіпсіз жерге жеткіземіз», - деді облыс әкімі.

Қорғаныс министрлігінің мамандары, Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 400-ге жуық ауыл тұрғынын тікұшақпен аудан орталығына жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

БҚО
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Бірінші кезекте балалар мен әйелдер, денсаулығы нашар және мүгедектігі бар жандар жеткізілді.

Атап өтерлігі, Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының алдын алуға көрші облыстардан мамандар мен күш құралдары жұмылдырылды.