Батыс Қазақстанда 180-нен астам заңсыз қоқыс орны анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері табиғатты қорғау бағыты бойынша 4 қылмыстық, 234 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қылмыстық істің екеуі заңсыз аң аулау, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіруге байланысты қозғалды. Сондай-ақ сирек кездесетін және пайдалануға тыйым салынған жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналымға және көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізуге қатысты бір-бір дерек тіркелді.
Сонымен қатар 234 әкімшілік құқық бұзушылықтың 165-і аң аулау, 69-ы балық аулау қағидаларын бұзуға байланысты болды.
Департамент мәліметіне қарағанда, «Таза Қазақстан» акциясы басталған уақыттан қазіргі кезге дейін БҚО аумағында 25 812 құқық бұзушылық деректері белгілі болды. Мұның 2 050-і ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы (жергiлiктi атқарушы орган белгiлегеннен тыс орындарда сауда жасау), 11 040-ы 434-2-бабына (ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) қатысты болды. Оған қоса 505-бапқа (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сәйкес 12 722 құқық бұзушылық бойынша кінәлілер жауапқа тартылды.
- 2025 жылы облыс орталығында 50 контейнерлік алаң бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Камералар БҚО ПД жедел басқару орталығына және облыс әкімдігіне қосылды.
Сондай-ақ қоқыс жәшіктерінің толу деңгейін және қалдырылған заттарды анықтайтын бейнеталдау қызметтері қарастырылған. Заңсыз орналастырылған 183 стихиялық қоқыс орнының 147-сі жойылды. Аталған құқық бұзушылықтарды жою туралы ұсыным хат Орал қаласының әкімдігіне жолданып, белгіленген мерзімде орындалмағаны үшін қоршаған орта саласына жауапты лауазымды қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жолды күтіп ұстамағаны үшін 77 лауазымды қызметкердің жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.