Батыс Қазақстанда 20-дан астам жаңа мектеп салынып жатыр
Батыс Қазақстан облысында 20-дан астам жаңа мектеп салынып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның мәлім еткеніндей, облыс бойынша биыл барлығы 27 мектеп құрылысы жоспарланса, соның 16-сын жыл соңына дейін бітіру көзделуде.
Бұлардың 15-і «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында, бір мектеп бюджет қаражаты есебінен, 9-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес қолға алынды. Осы кезге дейін Казталов ауданы Жұлдыз ауылында 108 орындық, Бәйтерек ауданы Жалын елді мекенінде 54 орындық және Теректінің Поймасында 108 орындық мектеп пайдалануға берілді.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында барлығы 16 200 орындық 18 мектеп құрылысы жоспарланса, соның 9-ы – 2023-2024, қалған жартысы 2024-2025 жылдары салынып бітпек. Осы ғимараттар есебінен облыстағы оқушы орны тапшылығын, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу ойластырылуда.
«Күні бүгінге дейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен БҚО әкімдігі арасында концорциумдық келісім-шарттарға қол қойылып, 9 мектептің құрылысын жүргізуге мердігерлер анықталған еді. Алайда Ақсай қаласында М.Ықсанов көшесі бойындағы 300 орындық №1 және 13-шағынаудандағы 900 орындық мектеп құрылысы мердігерінің белгіленген міндеттемелерін орындамауына байланысты арадағы келісім-шарт бұзылды. Мердігерді анықтау үшін конкурс қайтадан өткізіледі», - деді А.Мыңбаева.
Сонымен қатар 2022 жылы 19 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізуге 4 543,1 млн теңге бөлініп, соның 12-сінде (8 мектеп, 1 интернат, 2 колледж, 1 қосымша білім беру) жұмыс аяқталса, 7 нысан 2023 жылға ауысқан еді.
«Биыл 2 мектепті (Бөкей ордасы ауданы Жәңгір хан мектебі, Казталов ауданы Казталов мектеп-лицейі) күрделі жөндеу мәресіне жетті. Тағы екеуінде (Тасқала ауданы Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, Бәйтерек ауданының Чувашин мектебі) нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ақжайық ауданының Базартөбе, Бәйтерек ауданының Раздольное мектебін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл екеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деді А.Мыңбаева.