Батыс Қазақстанда 21 мыңнан астам адам ЖРВИ-мен сырқаттанған

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазаннан бері 21 089 адамның жіті респираторлы вирусты инфекциялармен (ЖРВИ) ауырғаны тіркелді.

шошқа тұмауы
Фото: Pixabay

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кездегіден 19,8 пайызға төмен.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, сырқаттанғандардың көпшілігі, яғни 14 713-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 173-і – 1 жасқа дейінгілер. Сондай-ақ 31 жүкті әйел, 714 оқушы ЖРВИ-мен ауырған.

«Осы кезеңде облыста тұмау тіркелген жоқ. Дегенмен тұмау тәріздес вирустардан аденовирус, риновирус, боковирус, парагрипп, пандемиялық емес коронавирус анықталды. Тұмауға қарсы егу 1 қазаннан бастап амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін барлық медициналық мекемелерде жүргізілді. Бүгінгі таңда облыстың 68 мың тұрғыны тұмауға қарсы егумен қамтылды. Оның ішінде созылмалы аурулары бар 3 087 бала және 21 067 ересек адам, 7 947 медицина қызметкері, 1 038 жүкті әйел, 455 оқушы вакцина алды», дейді Н.Мұстаев.

Оның айтуынша, өңірде қызылша мен көкжөтел бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады. Қарашаның 11-індегі мәлімет бойынша 1 265 адамның қызылшаға, 41 адамның көкжөтелге шалдыққаны расталды.

«ЖРВИ-дың таралуына жол бермеу үшін өздігінен емделмеу қажет. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде-ақ міндетті түрде тұрғылықты жердегі медициналық мекемеге хабарласып, дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Сондай-ақ сақтық шараларын да ұмытпаған абзал», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметінен кеткенін жазған едік.

 

 

Соңғы жаңалықтар