Батыс Қазақстанда 30-дан астам түлек мемлекеттік лауазымдарға тікелей орналасты
ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғары көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады.
Оның сөзіне қарағанда, бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
«Норма енгізілгеннен бастап Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік лауазымдарға жоғары оқу орнын бітірген 31 түлек (өткен жылы – 9, биыл – 22) орналасты. Қазіргі таңда олар өз қызметтерін атқаруда», дейді М.Байсалов.
Оның айтуынша, департамент мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғаушы орган ретінде тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Биылғы жеті айда 11 мемлекеттік қызметшіге заңнама талаптары сақталмай қолданылған тәртіптік жазалардың күштері жойылып, олардың бұзылған заңды құқықтары қалпына келтірілді.
«Оған қоса жекелеген мемлекеттік органдардың қызметшілері жұмыс орнында үстеме жұмысқа тарту туралы жұмыс берушінің бұйрығы рәсімделмей, отырғандары анықталып, мониторинг нәтижесі бойынша 133 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтіріліп, оларға демалыс уақыты ұсынылды және тиісті төлемдер жүргізілді. Сондай-ақ тексеру нәтижесінде екінші топтағы мүгедектігі бар 6 мемлекеттік қызметшінің құқығы бұзылғаны белгілі болды. Оларға апта сайынғы 36 сағаттық жұмыс уақыты белгіленіп, артық жұмыс сағат атқарғаны үшін жалпы 20 күн демалыс уақыты берілді, 91 450 теңге көлемінде өтемақы төленді», дейді департамент басшысы.
Департамент мәліметіне қарағанда, өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне іссапар шығындарын төлеу талаптарының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде іссапар шығындарын уақытылы төлемеген 60 мемлекеттік қызметшіге тиісті 3 млн 600 мың теңге көлемінде төлемдер жүргізілді. Еңбек демалысы төлемдері кешіктіріліп төленгені үшін 67 мемқызметшіге 90 мың теңге көлемінде өсімпұл төленді.
Сол секілді кейбір мемлекеттік органдар заңнама талаптарын дұрыс қолданбай, мемлекеттік қызметшілерге төленуге тиісті бонустарды төлемеген. Атап айтқанда, 22 мемлекеттік қызметшіге негізсіз берілмеген 4 млн 316,062 мың теңге бонус төленді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында өңірлік кадр резерві қалыптастырылғанын жазған болатынбыз.