Батыс Қазақстанда 302 мың тонна астық жиналды

Батыс Қазақстан облысында егін ору науқаны аяқталып, 302 мың тонна астық жиналды. Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Нариман Төреғалиев
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Әкімнің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 617 мың гектарды құрады. Майлы дақылдардан 75 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, 153 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімі жиналды.

«Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс істеп тұр. Бүгінде облыс халқын қызанақ пен қиярмен толықтай қамтудамыз. Облыстың маусым аралық кезеңде картоп-көкөніс өнімдерін сақтау қажеттілігі 70 мың тоннаны құрап отыр. Осы жылы 91 мың тонна картоп-көкөніс өнімдері жиналып, заманауи үлгідегі 32 картоп-көкөніс қоймаласында сақталуда. Облыс халқының көкөніс өнімдеріне қажеттілігін 100% жабу үшін келесі жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынып қажеттілік толық жабылады», - деді Н. Төреғалиев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге, 2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салу көзделген.

«Агроөнеркәсіп кешенінде 2023-2026 жылдарға 89 млрд теңгеге 40 инвестициялық жоба жоспарланса, биыл 6 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда», - дейді БҚО әкімі.

Бұған дейін БҚО әкімі өңірдегі киік санын реттеу жұмыстары туралы пікір білдірген еді.