Батыс Қазақстанда 31 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 31 685 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұр.

Қызылорда
Фото: қызылорда облысының әкімдігі

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 18 553-і халықтың әлеуметтік осал топтары, 4 073-і көп балалы отбасы санаттары бойынша кезекке қойылған.

Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, биыл жыл басынан бері 114 азамат кезектілік тәртібімен баспанамен қамтамасыз етілді. Соның ішінде бесеуі – жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар, алтауы – мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері, 103-і – халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар, мұның ішінде 30-ы – көп балалы отбасылар, 25-і – толық емес отбасылар, жетеуі – мүгедек балалары барлар, 15-і – 1 және 2 топтағы мүгедектер, 20-сы – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, төртеуі – жасы бойынша зейнеткерлер, біреуі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген, тағы біреуі басқа мемлекеттер аумағында әскери қимылдарда болған.

«2024 жылы бюджет қаражаты есебінен «Отбасы банк» АҚ арқылы 12 көппәтерлі үйді (216 пәтер) қолданысқа беру жоспарланған болатын. Осы уақытқа дейін «Бақытты отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы аясында 80 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар тұрғын үй сертификаттарын ұсыну үшін облыстық бюджеттен 400 млн теңге (Орал қаласына – 240 млн, Бөрліге – 50 млн, қалған аудандарға – 10 млн теңгеден) қаражат бөлінді. Күні бүгінге дейін 37 азаматқа 35 млн 810,5 мың теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары берілді», - деді Қ.Өмірәлиев. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізілді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 8 ақпандағы № 60 бұйрығымен бекітілген Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес 4 санат бойынша кезекте тұрғандардың (1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, көп балалы отбасылар) өтеусіз негізде төлемдер алуға мүмкіндігі бар.

Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдер бюджет қаражаты есебінен 50 пайыз және алушыдан 50 пайыз теңгерімді негізде жүзеге асырылады.

«Биыл жалдау ақысын субсидиялау бойынша төлемдер жүргізу үшін облыстық бюджеттен 50 млн теңге қаралып, 26 ақпанда «Отбасы банк» АҚ-мен келісім-шарт жасалды. Осы кезге дейін «Отбасы банк» АҚ дерегіне сәйкес азаматтармен 174 жалдау шарты тіркеліп, 4,8 млн теңге игерілді», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар