Батыс Қазақстанда 45 мыңнан астам киік ауланды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы киік санын реттеу жұмыстары 1 қыркүйектен басталды.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, жұмыстар негізінен Казталов және Жаңақала аудандарында жүргізіліп жатыр.
Нұрлан Сағынтайұлының сөзіне қарағанда, бұл істі «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұйымдастыруда. Биыл түнгі ату жоқ. Киіктер тек кораль әдісімен аулануда. Инспекторлар 15 коральмен жұмыс істеуде.
- Күні бүгінге дейін барлығы 45 250 бас киік ауланды. Киік етін 12 кәсіпорын қабылдауда. Олардың барлығы да Батыс Қазақстан облысынан, соның ішінде алтауы Жаңақала ауданынан. Киік еті Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында, Орал қаласына қарасты Круглоозерный ауылында және облыс орталығындағы Депо базарында саттыққа шығарылуда, - дейді Н.Рахымжанов.
Оның айтуынша, биыл жоспар жоқ. 2023 жылы 29 мың, өткен жылы 108,5 мың киік ауланған болатын.
Өткен жылы өңірдегі «Кублей» кәсіпорны киік етінен консерві жасап шығарғаны белгілі. Биылғы жылы «Кублей» киік етін алмады.
- Киік етін негізінен басқа өңірлер алып кетіп жатыр. Оралдың кәсіпкерлері бұған әзірге қызығушылық танытпай отыр, - деп қосты Н.Рахымжанов.
Батыс Қазақстан облысында 2026 жылғы көктемде жүргізілген әуе санағы бойынша ақбөкен саны 2,7 млн басқа жетті.
Жыл басынан бері 19 мыңдай киік өлексесі табылып, жойылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда консервіленген киік еті сатылымға шығатынын жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда қанша киік ауланды.
Батыс Қазақстанда 3 300-ге жуық киік өлексесі жойылды.
Батыс Қазақстанда киік саны 2,7 млн басқа жетті.