Батыс Қазақстанда 660-тан астам абонент жарықсыз қалды
Батыс Қазақстанда 660-тан астам абонент жарықсыз қалып отыр, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан мәлім еткеніндей, 25 қараша күнгі жергілікті сағат 16.00-дегі мәлімет бойынша Орал қаласында, сондай-ақ Ақжайық, Тасқала, Казталов, Жаңақала, Сырым және Бәйтерек аудандарында жарықсыз отырған тұрғындар бар.
Бұлардың ең көбі Жаңақала (271 абонент) және Бәйтерек ауданында (204 абонент).
«Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмыстарына 84 қызметкер 21 арнайы техникамен жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында саяжай тұрғындары екі күн бойы жарықсыз қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Оралда ауа райына байланысты әуе кемелері кейінге шегерілді.