Батыс Қазақстанда 90-ға жуық отбасы ауылға көшіп барды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.

СҚО Дайындық ауылы
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталмыш жоба аясында қала тұрғындары 57 ауылға қоныс аудармақшы.

Бибігүл Тишанқызының сөзіне қарағанда, жобаға Орал және Ақсай қалаларында кемінде бес жыл тұрып, еңбек еткен азаматтар, сондай-ақ сұранысқа ие мамандар, жұмыс іздеп жүрген адамдар және жұмыссыздар қатыса алады.

«Қаладан ауылға!» пилоттық жобасын іске асырудың іс-шаралар жоспары бекітілді және тұрғындарды ақпаратандыру мақсатында медиа жоспары әзірленді. Алгоритм бойынша облыстық деңгейде орталықтандырылған 109-coll-орталығы арқылы ақпарат алу жолға қойылды және «qoldau.bkogov.kz.» арнаулы сайт іске қосылды. Іс шаралар жоспарына сәйкес аудандық деңгейде тиісті аудан әкімі орынбасарларының төрағалығымен жұмыс топтары құрылды. Көшіп келушілерді қабылдайтын елді мекендерде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде», дейді Б.Қонысбаева.

Оның айтуынша, биыл 12 ауданның ауылдарына 120 отбасын көшіру көзделген еді. 

«Күні бүгінге дейін аудандардың мәліметі бойынша ауылдарға құрамында 436 адам (соның 269-ы – бала) бар 87 отбасы көшіп барды. Солардың ішінде 88 адам жұмысқа орналастырылса, үшеуі өз кәсібін бастады. Елді мекендерде коммуналдық және бос тұрған үйлер есебінен отбасылар түгелдей тұрғын үймен қамтылды, соның ішінде 35-і тұрақты, 52-сі уақытша баспанаға кірді. Жыл соңына дейін тағы 66 отбасы ауылдарға қоныстанбақшы», деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар өңірде 2009 жылдан бері «Дипломмен – ауылға» жобасы жүзеге асырылып келеді. 

2024 жылы республикалық бюджеттен 385 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие алу үшін 3 млрд 136,4 млн теңге көзделген. 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша «Отбасы банкі» АҚ-ға 251 маманға несие қаржысы аударылды. 

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауылдық жерге келген 820 маманға әлеуметтік қолдау көрсетуге 598,7 млн теңге, оның ішінде 303,4 млн теңге көтерме жәрдемақы ретінде қарастырылған. Осы кезге дейін 802 маман көтерме жәрдемақы алды.

«Қазіргі таңда өтініш беру рәсімі жеңілдетіліп, цифрлық форматқа ауыстырылды. «Дипломмен – ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін маман otbacybank.kz порталына тіркелуі және өтінімге ЭЦҚ көмегімен қол қоюы керек. Жобаға қатысу үшін банктің клиенті болуы шарт.

«Дипломмен ауылға» жобасы да жалғастырылатын болады», деді Б.Қонысбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар