Батыс Қазақстанда ауыл тұрғынына 1,1 млн теңге залал келтірген алаяқ сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Жәнібек аудандық сотында ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 4) тармағымен, алаяқтық бойынша қылмыстық іс қаралды. 

Батыс Қазақстанда ауыл тұрғынына 1,1 млн теңге залал келтірген алаяқ сотталды
Фото: Kazinform

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының тұрғыны 2023 жылдың 1 желтоқсанында сотталушы әйелден өзінің атындағы «Home Credit Bank» АҚ-дағы несиесін тексеріп беруін өтінген. Сол кезде жәбірленушінің телефоны болмаған. Соны пайдаланған сотталушы ұялы телефонына жәбірленушінің атынан «Home Credit Bank» АҚ қосымшасын жүктеген. Сосын аталмыш АҚ-дағы несиесін тексеруге көмектескен сыңай танытып, өзінің ұялы телефонына оның атынан «Kaspi Bank» АҚ-ның «Kaspi» қосымшасын жүктеп, есепшот ашып, оңтайлы сәтті пайдалана отырып, бет-әлпетін суретке түсіріп алады.

Жәбірленушінің атынан «Kaspi Bank» АҚ арқылы онлайн түрде 499, 274 мың теңге тауарлы несие рәсімдеп, Instagram жүйесі бойынша тергеумен анықталмаған тұлға арқылы тауарды ақшаға айналдырған. Одан әрі жәбірленушінің есепшотына түскен 379 450 теңгені өзінің атына ашылған «Kaspi Bank» АҚ-дағы есепшотына аудару арқылы жымқырған.

Ары қарай сотталушы ұялы телефонына жүктелген жәбірленушінің «Kaspi Gold» мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде бірнеше рет несие рәсімдеп, жалпы мөлшері 2 млн 399,274 мың теңге мүліктік зиян келтірген. Содан кейін 2024 жылдың 19 тамызында сотталушы жәбірленушінің атына рәсімделген несие бойынша 1 млн 299,274 мың теңгесін төлеп тастаған. Осылайша жәбірленушіге жалпы сомасы 1,1 млн теңге залал келтірген. 

- Сот жәбірленуші сотталушыдан қылмыспен келтірілген материалдық залалы ретінде қойып отырған 1,1 млн теңге азаматтық талабы толығымен қанағаттандырылуға жатады деп тапты. ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, егер қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына ауыр немесе аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы немесе жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Сол себепті сот сотталушыны кінәлі деп танып, түпкілікті жаза ретінде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жәбірленушінің талап арызы толық қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жас жігіт өзінің есімі мен тегін қазақшаға сот арқылы өзгертіп алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар