Батыс Қазақстанда азаматтарды қабылдау орталықтары ашылды
Мемлекет басшысының өңірлерде азаматтарды қабылдау орталықтарын кеңейту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында облыс және Орал қаласы, Бөрлі ауданы әкімі аппаратының жанында азаматтарды қабылдау орталықтары ашылды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Оралдағы орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
«Біз Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсететін құралдың бірі азаматтарды жеке қабылдау болып табылады. Былтырғы жылы облыстың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері 7 746 азаматты жеке қабылдады. Осындай орталықтар азаматтардың өзекті мәселелерін дер кезінде құзырлы органдар өкілдерінің басшыларымен бірлесе шешуге ықпалын тигізеді», деді Нариман Төреғалиұлы.
Аталған орталықта облыс әкімі алдын ала жазылған 10 тұрғынды қабылдады. Олардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерін айтты. Өңір басшысы тиісті сала басшыларына азаматтардың мәселелерін шешу бойынша тапсырма берді.
«Тұрғындарды толғандыратын мәселелерін анықтау және оларды шешу мақсатымен құрылған азаматтарды қабылдау орталығында облыстық басқармалардың құзыреті шеңберінде кеңестер беріліп, облыс әкімімен, орынбасарларымен, барлық облыстық басқарма басшылары мен орынбасарларымен және аумақтық департамент басшыларымен бірыңғай кестеге сәйкес алдын ала жазу арқылы жеке қабылдаулар жүргізілетін болады. Ендігі кезекте орталықта облыстық басқармалар, Орал қаласы әкімдігі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО филиалының қызметкерлері жұмыс жасайды», деп хабарлады БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.