Батыс Қазақстанда басты экологиялық мәселе қандай

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында басты экологиялық проблемалар қандай? Ақ Жайық экологтарын не алаңдатады? Осы орайда Kazinform тілшісі басшы, мамандармен, тұрғындармен тілдесіп, мәселені саралап көрді.

Батыс Қазақстанда басты экологиялық мәселелер қандай
Фото: БҚО Экология департаменті

Жол картасы бойынша 17 іс-шараның 10-ы шешімін тапқан

БҚО бойынша Экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің мәлім еткеніндей, өңірдегі экологиялық мәселелер үнемі назарда.

Мұрат Шыманғалиұлының сөзіне қарағанда, 2020 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысының әкімі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі БҚО-ның экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі жол картасын бекіткен болатын.

Аталмыш жол картасы 17 іс-шараны қамтитын бес бағыттан тұрады:

- облыстың табиғат пайдаланушыларының шығарындыларын азайту;

- көгалдандыру;

- автокөліктің шығарындыларын азайту;

- қалдықтарды басқару саласы;

- жер ресурстарының ластануын болдырмау.

– Олардың әрқайсысы бойынша жауапты орындаушылар, іске асыру мерзімдері айқындалған. Бүгінгі таңда 17 іс-шараның 10-ы өз шешімін тауып, соның ішінде жетеуі жүзеге асырылды, - дейді департамент басшысы.

Бұлар:

- «ҚПО б.в.» компаниясы, «Жайықмұнай» ЖШС-ның негізгі көздерінде зиянды заттар шығарындыларының автоматтандырылған мониторингі жүйесін енгізу;

- Екпе ағаштарды ұдайы ұлғайтудың заманауи технологияларын қолдану арқылы Батыс Қазақстан облысының орман қорын, соның ішінде Бөкей ордасы ауданының қарағай орманын қайта қалпына келтіру;

- Қалалық жолаушылар автокөлігі мен облыстың табиғат пайдаланушыларына дизельді отынды пайдалануға кезең-кезеңмен тыйым салу;

- Бейне-конференц байланыс арқылы мемлекеттік органдар мамандарының қатысуымен «Экологиялық әдеттер», «Жасыл кеңсе» оқыту тренингі;

- Орал қаласының кәріздік тазарту қондырғыларының коллекторын ауыстыру;

- Облыстың оңтүстік аудандарындағы сумен қамтамасыз ету нысандарын қайта қалпына келтіру және қайта құру;

- «Жайықжылуқуат» АҚ-ның Орал жылу-қуат орталығын айналымды сумен қамтамасыз етуді енгізу.

Үшеуі тұрақты бақылауда:

- Озық технологияларды енгізе отырып, қоршаған ортаға нақты эмиссияларды азайту;

- Рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді, тарихи ластануларды жою;

- Эко патрульді жүргізу.

– Төрт іс-шараны 2024-2025 жылдары аяқтау жоспарлануда. Ал үш іс-шараны 2022-2023 жылдары тәмамдау көзделгенімен, олар орындалмады. Атап айтқанда, Орал және Ақсай қалаларында жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу, ескілерін рекультивациялау, Ақсай қаласының кәріз-тазарту құрылыстарын толық реконструкциялау және «Батыс су арнасы ЖШС-ның айналымды сумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын салу орындалған жоқ. Осы жол картасының орындалуы Президент Әкімшілігі және Үкімет аппаратының бақылауында тұр, - дейді М.Ермекқалиев.

БҚО
Фото: БҚО Экология департаменті

Департамент басшысының айтуынша, биыл жыл басынан бері жол картасы бойынша орындалған іс-шаралар жоқ.

Елді мекендер маңындағы қоқыс қалдықтары неге жойылмайды?

М.Ермекқалиев рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді, тарихи ластануларды жою жұмыстары аудандар мен Орал қаласының әкімдіктерімен тиісті деңгейде жүргізілмейтінін атап өтті.

– Биылғы 13 қарашадағы мәлімет бойынша тарихи ластану объектілерінің тізіліміндегі мәліметтерде ешқандай өзгеріс жоқ. Күні бүгін облыс аумағында иесіз қалдықтармен ластанған 17 учаске бар: 8-і Теректі ауданының аумағында, екі-екіден Тасқала, Бәйтерек, Ақжайықта, бір-бірден Зачаган кентінде және Сырым, Бөрлі аудандарының аумақтарында, - дейді ол.

Қазіргі уақытта сот шешімі тек 6 учаске бойынша бар. Алайда жергілікті атқарушы органдар сот шешімі болғанына қарамастан, оларды жою бойынша одан әрі қарай жою жұмыстарын қағидаларға сәйкес жүргізбейді.

Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті «Жасыл даму» АҚ-ға 2024 жылдың 1 қарашасында Тасқала ауданы Мерей ауылдық округінде улы химикаттар ыдыстарын көмудің консервацияланған полигонын (1 га) және Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылдық округі Тоғанас ауылында ластанған жерді (1,2 га) жоюға республикалық бюджеттен қаржы бөлу бойынша сұрақтарды шешіп беруге көмек көрсету үшін хат жолдады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 143-бабының 3-тармағына сәйкес қала, аудандардың жергілікті атқарушы органдары тарихи ластану объектілерін анықтау мен бағалау жөніндегі жұмыстарды қажетінше зерттеп, орындалған жұмыстарды бақылау мен қабылдау және қоршаған ортаның жай-күйіне одан әрі мониторинг жүргізу керек.

Департамент басшысының нақтылауынша, мекеме 2024 жылы 12 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен өткізілген қалдықтарды басқару туралы кеңестің тапсырмаларына байланысты «Иесіз қалдықтарды басқару алгоритмін» жасақтап, иесіз қалдықтарды жою жұмыстарын ұйымдастыру үшін хат жолдады. Бірақ департаментке аталған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан иесіз қалдықтарды жойған жұмыстары туралы ақпарат келіп түскен жоқ.

БҚО
Фото: БҚО Экология департаменті

Сонымен қатар 2024 жылғы 12 наурызда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің елді мекендер маңындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою туралы тапсырмасына сәйкес қала және аудандардың әкімдерімен бірлесіп, биылғы 1 тамызға дейін рұқсат етілмеген барлық стихиялық қоқыс қалдықтарын жою тапсырылды. Соңынан осы тапсырма 20 қарашаға дейін ұзартылды.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ геопарталындағы ғарыштық мониторингінің деректері бойынша Батыс Қазақстан облысы аумағының жеті ауданында (Орал қаласы және Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандары) 2024 жылы санкциясыз 199 қоқыс орнының бар екендігі анықталды. Соның 149-ы немесе 79 пайызы ғана жойылды. Бұл – республика бойынша төмен көрсеткіштердің бірі. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның рұқсат етілмеген 199 қоқыс үйіндісіне 34 заңдастырылған қоқыс үйінділері енгізілді, оларға жер бөлу актілері бар. 

– Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстағы филиалының әртүрлі координаттар жүйелерінде жұмыс істеуіне байланысты бұл мәселелерді аудан әкімдіктері тікелей шешуі тиіс деп есептейміз, өйткені олардың логиндері мен парольдері бар. Қалыптасқан жағдайды олардың өздері-ақ анық көре алады. Бұл бағытта ғарыштық мониторингке түспейтін алыс орналасқан аудандар да жұмыс істеуі тиіс (Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов және т.б.). Осы аудандардың басшылары заңсыз полигондарды түгендеу және оларды жою жұмыстарын жүргізуі қажет. Осы туралы жылдың басында айтылды, бірақ ешқандай ақпарат департаментке түскен жоқ. Қорыта айтқанда, қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын жою жергілікті атқарушы органдар тарапынан күнделікті жүйелі жұмысты қажет етеді. Оған қоса бюджеттік қаржыландыруды және арнайы техниканы тартуды талап етеді, өйткені мұндай орындар қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына қауіп төндіреді, - деді М.Ермекқалиев.

Экологтың пікірі қандай?

«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариев облыстағы экологиялық мәселелерді үш бағытта қарастыру керек деп есептейді. Біріншісі – қазіргі таңдағы экологиялық мәселелер. Екіншісі – болашақта болуы мүмкін проблемалар. Үшіншісі – экологиялық менеджмент.

БҚО
Фото: БҚО Экология департаменті

– Ең алдымен климаттың өзгеруіне тоқталар едім. Мысалы, облысымыздағы ең басты өзен – Жайыққа антропогендік фактор қалай әсер етеді дегенге келсек, бұл солтүстіктегі көршіміздің суды беруді реттеуіне көп нәрсе байланысты. Өкінішке қарай, ғалымдарымыздың бұған тісі батпайды. Білсе де, айтпауы мүмкін. Өйткені ол саяси мәселеге келіп тіреледі. Биылғы көктемде Орскіде бөгеттің жарылуы судың орасан көлемде жайылуына әкеп соқтырды. Соның әсерінен Жайықтың суы толыға бастады. Қазіргі таңда Елек, Сақмар және Жайық өзені арқылы көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу мәселесі өткір тұр. Басқа да мәселелер бар. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық комиссиядағы мамандардың, екіншіден, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі қызметкерлерінің сауатты жұмыс істей білуіне байланысты, - дейді Дархан Сүндетқалиұлы.

Экологтың пікірінше, орман қорын сақтау да өзекті. Қазіргі кезде орман қураған ағашқа толы деуге болады. Бұл болашақта өртке соқтыруы әбден ықтимал.

– Осы орайда облыстық табиғи ресустар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы әлсіз жұмыс жасап отырғанын ашық айту керек. Орманмен көмкерілген алқаптар көлемін ұлғайту мақсатында 2023 жылы 1 млрд, биыл 900 млн теңге бөлінгенімен, өздерінің айтуынша, ағаштардың жерсінуі 40 пайыз төңірегінде. Экологтардың пайымдауынша, 7 пайыз. Тіпті 25 пайыздан төмен болғанның өзінде бәрін қайтадан егуге тура келеді. Бұл тал-теректерді отырғызу кезінде агротехникалық шаралардың дұрыс атқарылмағанын көрсетеді. Яғни білікті мамандар жоқ деген сөз. Бұл аталған басқарманың басшылығына тікелей қатысты. Егер өзі маман болып, орманға жаны ашымаса, шауып жүріп, соған бәрін жұмылдырмаса, істелген жұмыстың барлығы зая кетеді, - дейді Д.Сариев.

Орман шаруашылығы мекемелеріне өрт сөндіру техникалары берілгенімен, оның тілін білетін маман болмаса, одан не пайда? Міне, бұл экологиялық менеджмент мәселесінің туындап отырғанын көрсетеді.

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

– Біз мұны өңірлік экология жөніндегі кеңесте Қостанай облысында болған өртке дейін көтергенбіз. Мәселе әлі шешілген жоқ. Сол секілді облыстағы қоқыстар жайы да алаңдатады. Орал қаласына қарасты Зачаган кентінен 15 шақырымдай қашықтықта орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жыл сайын бықсып, айналаға түтінін таратып жатады. Бұл мәселені кластерлік тұрғыда, қалдықтарды сұрыптаудан бастап оны өңдеп пайдаға асыру бағытында шешу қажет. Бізде, мысалы, картонды жинағанмен, оны өткізетін жер, өңдейтін кәсіпорын жоқ. Ресейге жөнелтейік десе, онда өзінікі жетеді, - дейді эколог.

Д.Сариев соңғы кезде Орал қаласындағы жасыл желекті қорғауға, саябақтарды сақтап қалуға көбірек күш салып жүргенін нықтады.

– Тағы да айтайын, қалада дендрологиялық жоспарсыз, тиісті құжаттарсыз ағаш отырғызуға болмайды. Өкінішке қарай, жылдар бойы бұған ешкім басын ауыртпаған. Сол сияқты өзендер жағалауындағы су қорғау аймақтарында тұрған ағаштарды кесуге жол бермеу де өте өзекті. Біз осының бәріне жіті қарап, өз қоғамдық қызметімізді жалғастыра бермекшіміз, - деді «Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» ҚБ төрағасы.

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салына ма?

Облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу мәселесінің көтеріліп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің жаңа полигонның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатқанын айтты.

– Келесі жылы көктемде сараптамадан өткізіледі. Жобаның құны шамамен 17-18 млрд теңге. Оны қазіргі полигоннан әрірек, Бәйтерек ауданы шекарасында салу ойластырылуда. Аумағы 70 гектардай болмақ, - деді Ж.Дүйсенғалиев.

– Зачаган кенті маңында орналасқан полигон жыл сайын өртенеді. Түтіні, кент түгілі, Орал қаласына дейін жетеді. Адамдардың денсаулығына қаншама зиян. Әсіресе, егде тартқан үлкен кісілерге қиын. Полигон бықсып жатқан соң, көктем мен жазда сыртқа шығып, жүру мүмкін емес. Қанша айтылып, жазылса да, бұл мәселе шешілмей келеді, - дейді Зачаган кентінің тұрғыны Әскербек Нықмұханов.

Биыл көктемде, 31 мамырда Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны да өртеніп, БҚО ТЖ департаментінің мәліметіне сәйкес, шамамен 300 шаршы метрді қамтыды.

– Ақсай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жобалық-сметалық құжаттама дайындалған жоқ. Себебі инвестор келіп, қаланың шетінде өңдеу, сұрыптау цехын іске қосты. Қазір жағдай қалыпты, бәрі уақытымен атқарылуда, - деді Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов.

Міне, осылайша облыстағы басты экологиялық мәселелерге тоқталдық. Әрине, басқа да қадау-қадау жайттар баршылық. Олардың бірқатарын тұрғындар, экологтар әлсін-әлсін көтеріп келеді. Мұны ушықтырмай шешу тиісті мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың міндеті болса керек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда егілген миллиондаған ағаштың неге жерсінбей қурап кететінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ағаштардың орынсыз кесілетінін айтқан оралдық эколог көгалдандыру мәселесін көтерді.

Оралда емхана алдындағы ескі сквердің жойылып кетуі жөнінде әкімдік жауабы жарияланды.

Соңғы жаңалықтар