Батыс Қазақстанда егілген миллиондаған ағаш неге жерсінбей қурап кетеді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының ауданы 15 млн 133,9 мың гектар болса, соның ішінде 222 159 гектары — мемлекеттік орман қоры. Мұның 162 502 гектары орманды жерлер болса, 59 657 гектары — ормансыз. Орманмен көмкерілген аумағы — 88 482 гектар, яғни 0,6 пайыз. Демек, бұл әлі де аз деген сөз. Жалпы, облыста орман қорын байыту жұмыстары қалай жүргізілуде? Өңірде қандай ағаш түрлерін еккен қолайлы? Соңғы жылдары отырғызылған ағаштардың шығу көрсеткіші көңіл көншіте ме? Kazinform тілшісі мәселені зерделеп, мамандар пікірін тыңдап көрді.

а
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Мемлекеттік мекеме деректері қандай?

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің айтуынша, Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш отырғызуға қатысты тапсырмасын орындау аясында облыс әкімдігімен 2021-2027 жылдарға арналған болжамды қаржылық шығындармен «БҚО ормандарын молықтыру және орман өсірудің кешенді жоспары» Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісіліп, бекітілген.

Соған сәйкес әр орман шаруашылығы мекемесінің өндірістік жоспары жасалып, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жіберілді.

Оның сөзіне қарағанда, 2023 жылы кешенді жоспарға сай орманмен көмкерілген алқаптар көлемін ұлғайту мақсатында аудандардың босалқы жер қорынан мемлекеттік орман қорына 5 383 га жер, соның ішінде 606 га орманмен көмкерілген алқапқа берілді.

Бұдан басқа 203 га жердегі жас ағаштар орманмен көмкерілген алқаптарға ауыстырылды. 2024 жылы орманмен көмкерілген алқаптарға ауыстырылатын аумақтар күзгі түгендеу жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады. 

трактор
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

— Облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 2021 жылдан бастап 2027 жылға дейін 15 228 гектарға орман дақылдарын отырғызу және 6 253 гектарға орман дақылдарын толықтыру, барлығы 56,6 млн дана ағаш екпелерін отырғызу жоспарланған. Соның ішінде биыл 2 020 гектарға ағаш отырғызу, 800 гектарға орман екпелерін толықтыру, барлығы 7,565 млн дана тал-терек егу көзделген болатын. Күні бүгінге дейін 3,303 млн дана түрлі ағаш егіліп, жоспар 43,4 пайызға орындалды. Қалған жұмыстар күз айында ағаш көшеттерінің вегетациясы тоқтағаннан кейін жалғасын табады, — дейді Д. Закарин. 

Басқарма басшысының орынбасары келтірген мәліметке қарағанда, облыстағы 8 орман тұқымбағында (256,2 гектар) өсірілетін көшет орман шаруашылығы мекемелерінің ағаш егу жұмысына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді.

Биыл 20,1 гектар алқапта 13,4 млн дана отырғызу материалы өсірілді. 15 100 килограмның орнына 17 480 кг орман тұқымы жиналып, тұқымбақтарға себілуде.

Көктемгі су тасқыны тұқымбақтарға да зиянын тигізді. Жайық өзенінің тасуына байланысты ағаш отырғызуға дайындалған жер телімдері мен 6 тұқымбақ су астында қалды. Соның салдарынан бұл тұқымбақтарда өткен жылдардың екпелері мен 2023 жылы себілген орман тұқымдары шықпай қалды.

Сол себепті мамыр айынан бастап орман шаруашылығы мекемелері жаңа уақытша тұқымбақтар дайындап, көшет отырғызды. 

Тағы бір маңызды мәселе — орман дақылдарының жерсінуі, яғни өсіп кетуі. Күзгі түгендеу қорытындысы бойынша орман дақылдарының жерсінуінің орташа көрсеткіші 2021 жылы — 44,9, 2022 жылы — 41,6, 2023 жылы — 41,3 пайыз болды. 

көшет
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

— Жерсіну көрсеткішінің төмен болу себептерінің бірі — қолайсыз ауа райы мен климаттық жағдайларға байланысты. Яғни 2021-2023 жылдардағы көктем мен жазда құрғақшылық болды. Себебі орман дақылдарының жерсінуіне жаз мезгілінде түсетін жауын-шашын әсер етеді, — дейді Д. Закарин. 

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында қандай ағаш түрлерін еккен қолайлы, мұны да ескермесе болмайды.

Бұған Д. Закарин:

— Он жылда бір рет орман орналастыру жобасы жасалады. Осы жобаға сәйкес Жайық жағасында терек (тополь), тал (ива), шаған (ясень), басқа жерлерде жиде, қарағаш, сексеуіл егуге ұсыныс берілген. Күні бүгін күздегі ағаш отырғызу жұмыстары басталып кетті, — деп жауап берді. 

Мамандар не дейді?

Ағаштардың жерсініп, өсіп кетуі үшін не істеу керек? Осы орайда белгілі бағбан, Сергей Исаев атындағы эксперименталды коллекциялық тәлімбақтың иесі Қайрат Кәрімов өз пікірін білдірді.

— Тал-теректің жерсініп кетуі алдымен отырғызылатын көшеттің сапасына байланысты. Жерді әзірлеп, міндетті түрде белгілі бір уақытта егу керек. Мерзімі көп емес, бір аптадан он күнге дейін. Табиғатты алдай алмайсың, оның өз заңы бар. Уақытында екпесең, жерсіну көрсеткіші азаяды. Содан кейін ағаштар күш алып кеткенше бастапқыда суарып тұру керек, — дейді Қ.Кәрімов. 

ағаш
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Бағбанның айтуынша, Батыс Қазақстан облысының табиғатына бейімделген терек, қарағай, қарағаштарды егуге болады. 

— Облыс өз алдына, әр ауданның өзінің климат жағдайында өзгешеліктер болады. Қайың, қарағайлар суды көбірек қажетсінеді. Қай ағаштың да эндемик түрін, яғни біздің табиғатта бейімделгенін еккен жөн. Мысалы, өзіме емен ұнайды. Жай шығады десе де, тамырланып кеткеннен кейін қайғырмайды. Көп жыл бойы өсіп, биіктей береді, саялы, оттегіні де мол бөледі. Татар үйеңкісі де бар. Бірақ шеттен әкелінетін ағаштарға сақ болу керек. Мысалы, америкалық үйеңкінің кей жерде өсіп тұрғанын көремін. Ғалымдардың пайымдауынша, америкалық үйеңкіні егуді тоқтату керек. Мұнымен күреспесек, 50-60 жылда тек солар өсіп тұрады. Өйткені бұлардың жерсінуі өте жоғары, бейнелеп айтқанда, 200 пайыз деуге болады. Екіншіден, америкалық үйеңкінің тамыры зиянды заттар бөліп, жайылу ареалын кеңейтеді де, жергілікті ағаштарды ығыстырып шығарады. Яғни өсуіне жол бермейді, — дейді бағбан. 

Қайрат Кәрімов ағаш отырғызғаннан кейін бір-екі жыл көлемінде тамырланып кеткенше суарып, күтіп баптау керектігін жеткізді. 

Орман шаруашылығы саласының ардагері, кезінде инженер, сондай-ақ Орал және Январцев орман шаруашылығы мекемелерінде директор қызметін атқарған Абылғазы Шамилов қазіргі ағаш егу, оны баптап-күту жұмысына мүлдем көңілі толмайтынын айтты.

— Орман шаруашылығы құрдымға кетіп барады. Мұның негізгі себебі — облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшылығына тек орнынан босаған аудан әкімдері немесе үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басшылар келеді. Бұл жөнінде кезінде облыс әкімі, министрлер, Мәжіліс депутатына да жазғанбыз. Бірақ бәрі бос әуре болды. Қазір де солай, өзгерген ештеңе жоқ. Басшылар маман болмағаннан кейін қарауындағылардан жұмысты қалай талап етеді? Осыны оларды тағайындаған кезде ескеру керек. Жуырда жергілікті телеарнадан берілген хабарда БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закарин егілген ағаштардың жерсінуі 44 пайыз деді. Егер дұрыстап тексерсе, сол ағаштардың жерсінуі 25 пайызға жетер-жетпесі белгісіз. Өйткені жақында Тасқала ауданы Амангелді ауылы маңында 190 гектар аумаққа егілген ағаштың жай-күйін өз көзімізбен көрген болатынбыз, — деді А.Шамилов.

Табиғат жанашырының айтары бар

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылының тумасы, қазіргі кезде Орал қаласында тұратын зейнеткер Райса Төленғалиева «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөздің текке айтылмағанын еске салды. 

ағаш егу
Фото Раиса Төленғалиеваның жеке мұрағатынан

— Өкінішке қарай, қалада да, ауылда да көгалдандыру жұмыстары мардымсыз жүріп жатыр. Біреудің айтуымен немесе нұсқауымен ағаш егудің нәтижесі жоқтың қасы. Әр адам өз айналасына сын көзбен қарап, тазалық сақтап, терек отырғызып, бау-бақша егумен айналысатын болса, осының өзі — үлкен жетістік. Мұндай игі істермен мектеп оқушылары мен зейнеткерлер тікелей айналысуы керек деп ойлаймын. Батыс Қазақстан бойынша егілген көшеттердің өсіп кетуі тиісті мекемемен қатар әкімшілікке және әр адамның жеке басына байланысты. Әкімшілікке дейтін себебім, басшылар бұл жұмысқа дұрыс көзқараспен қарап, қолындағы бар күшті (бос қол күшін, «Жасыл ел» жасақтары жастарын) пайдаланса, елді көгалдандыру жұмысы жақсы жүреді деп ойлаймын. Әр ауыл, әр отбасы, тіпті әр адам терек ексе, аймақ жайнап кетер еді, — дейді табиғат жанашыры. 

Батыс Қазақстандағы Хан ордасы ауылының тарихи мекен екені белгілі. 2026 жылы оның ірге көтергеніне тура 200 жыл толады. Осы жерде өзінің сарайын тұрғызған Жәңгір хан Орда жеріндегі құм көшкінін тоқтату үшін тал-терек отырғызуды қолға алды.

Тарихи деректерге қарағанда, ол 1832 жылы Саратов уезінен ағаш көшеттерін алғызған. Хан ордасын құм көшкінінен қорғау үшін басқа да шараларды жүзеге асырған. 

Ғасырдан астам тарихы бар Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі жыл сайын түрлі ағаш көшеттерін отырғызғанымен, ауыл ішінде мал ұстау салдарынан және тұрғындардың осы мәселеге бей-жай қарағандығынан олардың тең жартысы өспей қалады.

Бұл — қынжыларлық жағдай. Сейітқали, Үштерек елді мекендерінің айналасын құм басқан. Осылай кете берсе, басқа ауылдарға да осындай қауіп төнуі әбден ықтимал. 

көшет
Фото Раиса Төленғалиеваның жеке мұрағатынан

Өзі зейнеткер болса да, туған ауылының табиғатына жаны ашыған Р.Төленғалиева биыл көктемде 180 жылдан астам тарихы бар Жәңгір хан мектебі түлектерінің күшімен «Түлектер саябағы» жобасын қолға алды. 

— Мақсатым — өзіміз туып-өскен, оқыған, еңбек еткен қасиетті мекенді жасыл желекке толтырып, саялы бағы бар демалыс орнын ел игілігіне ұсыну еді. Бұл жобаның ерекшелігі — Жәңгір мектебі түлектерінің атаулы терегі болуы. Әзірге жобаға 300-ге жуық түлек қатысып, өз үлесін қосты. Сәуір айында қажетті құралдарды жеткізіп, саябақты қоршап, қазіргі заман талабына сай павловния және мақтаншақ терегін отырғыздық. Ыстықты көтере алмаған көшеттердің орнына күзде қайтадан терек отырғызу жұмысы жүргізіледі. Ең бастысы, түлектер саябағының негізі қаланды, алда атқарылар ауқымды жұмыс баршылық, — дейді Р.Төленғалиева.

Міне, Батыс Қазақстанда ағаш отырғызу мәселесіне байланысты мемлекеттік мекеме басшысы, мамандардың және қарапайым тұрғынның пікір-деректерін келтірдік.

Бұдан түйетін түйін, өңірде егілген ағаштардың жерсінуі көңіл көншітеді деп айту қиын. Ең бастысы, бұл бағытта тиісті іс-шаралардың дер кезінде қолға алынуы қажет екендігі дау туғызбаса керек. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бірегей алма бағы жойылып кетуі мүмкін екенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар