Батыс Қазақстанда боранға байланысты екі республикалық жолда қозғалыс шектелді
Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты екі республикалық жолда қозғалыс шектелді, деп хабарлайды Kazinform.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша 11 қаңтар күні жергілікті сағат 19.10-нан бастап республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы жолы (0-158 км, Казталовтан Жәнібекке дейін) барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Сол секілді сағат 20.30-дан бастап Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолында да (4-104 км, Орал қаласынан Ресей шекарасына дейін) осындай шара қолданылды.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Казталов және Өнеге-Бисен-Сайқын жол бөліктері де жабылды.
Жабылу себебі – боран, жолдың дұрыс көрінбеуі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі 12 қаңтардағы ауа райына байланысты да ескерту жарияланғанын жеткізді.
«Жұма күні күндіз облыстың солтүстік-шығысында қар қалың жаумақ. Кейбір жерлерде бұрқасын көтеріліп, тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Орал қаласында жаяу бұрқасын болып, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған орай БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға ауа райының қолайсыз күндері алыс жолға шықпау керектігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауа райына байланысты республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да он күнде жол апатынан 12 адам қаза тапты.