Батыс Қазақстанда бір жылда 17 мектеп пайдалануға берілді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында білім саласындағы жаңалық-өзгерістер қандай? Білім сапасын арттыру бағытында не істеліп жатыр? Кейбір өзекті мәселелер қалай шешілуде? Міне, осы орайда БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

балапан
Фото: Білім басқармасы

— Айгүл Әділгерейқызы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл облыста қанша мектеп салынбақ, алдымен осыған тоқталсаңыз?

— Президент тапсырмасына сәйкес апаттық мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.

Батыс Қазақстан бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 18 мектеп ғимаратын жаңадан салу көзделген еді. Биылғы жылдың соңына дейін 9, келесі жылы тағы 9 мектептің құрылысын аяқтап, іске қосуымыз керек. Жоспарланған мектептердің 9-ы қала аумағында, 9-ы аудандарда бой көтеріп, барлығы 16 200 баланы қамтитын болады.

Одан басқа облыстағы апатты мектептерді және орын тапшылығын жою үшін 2023 жылы 17 мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл — тәуелсіздік жылдары ішінде өңіріміздің білім саласы үшін үлкен тарихи оқиға деуге болады.

бала
Фото: Білім басқармасы

— Білім беру саласы үшін өткен жыл қалай қорытындыланды деп ойлайсыз, алда тұрған міндеттер қандай?

— Білім беру саласы үшін өткен жылды жақсы жетістіктермен аяқтадық деп сеніммен айта аламын. Ұстаздарымыздың өлшеусіз еңбегі арқасында облысымыздың 60 оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы атанды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелер үшін Батыс Қазақстан облысының командасы ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда — 2023» атағымен марапатталды.

Олимпиаданың республикалық кезеңінде үздік білім көрсетіп, оқушылары жүлделі орындарға ие болған облыстың 4 мектебі еліміз бойынша «100 үздік мектеп» қатарына кірді.

2012 жылдан бері оздырылып келе жатқан «Орта бiлiм беретiн үздiк ұйым» облыстық байқауының былтырғы жылғы жеңімпазы болып танылған Қаратөбе ауданы Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясы 48 млн теңге көлемінде грант иеленді.

Балалар жылы аясында басталған білім басқармасы мен «AQJAYIQ» телеарнасының бірлескен «BILIM HIGH» телевизиялық жобасының өткен жылғы жеңімпазы болып дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командасы танылды.

Республикалық шығармашалық байқаулар мен жарыстарда облыстың 192 оқушысы жеңімпаз атанды. Айтар болсақ, облыс командасы «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» ұлттық байқауында I орын, «Жасыл ұрпақ» байқауында 700 мың теңге грант иегері атанды. Республикалық «Ұшқыр ой алаңы» пікірсайыстың ұлттық турнирінде де бірінші орыннан көрінді. Республикалық «Менің Отаным — Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтардың слетінде облыс құрама командасы жүлделі І орынды соңғы 7 жыл бойы иеленіп келеді.

оқушы
Фото: Білім басқармасы

Халықаралық «Haileybury First Championship-2023» робототехника олимпиадасында оқушылар сарайының тәрбиеленушісі Алиислам Құрманғалиев Гран-приді жеңіп алса, халықаралық стенділік модельдеу байқауында облыстық техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі Жігер Бақтыгерей үздік үштікке ілікті.

Кәсіптік және техникалық білім саласындағы жетістіктер қуантады. «WorldSkills Kazakhstan 2023» VIII республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына облысымыздан қатысқан колледж студенттері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде және 6 медальонға қол жеткізсе, Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Руслан Юсупов республикалық командаға «Веб-технологиялар» құзыретіне кіріп, Қазақстан тарихындағы алғашқы күміс медальді жеңіп алды.

Облыс педагогтары халықаралық, республикалық әр түрлі бағыттағы шығармашылық, пәндік байқаулар мен турнирлерден 45 жүлделі орын және 17 аталымды иеленді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет 2021 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы тағайындалды. Осы марапатты облысымыздан бірінші болып Орал қаласы № 35 мектеп-лицейінің мұғалімі Зинаида Сухина иеленсе, өткен жылы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан математика пәнінің мұғалімі Серік Қазихановқа берілді.

— Орал қаласында көптен әңгіме болып келе жатқан апатты жағдайдағы № 31 және № 8 мектеп-гимназия ғимараттары мәселесі қалай шешілмекші?

— Сіз сұрап отырған екі мектептің мәселесі де облыс әкімінің жіті бақылауында тұр. Себебі 2018 жылы № 31 мектептің, 2023 жылы № 8 мектеп-лицейінің ғимараттарына техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қорытындысында олар апатты деп танылды. Осы апатты білім ошақтарының мәселесін шешу үшін Орал қаласынан 400 орынға арналған № 31 жалпы орта білім беретін мектебі ғимаратын салу жоспарланды. Бүгінгі таңда мердігер жұмылдыру және қолданыстағы қоршаулар мен іргетастарды бөлшектеу жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша құрылыстың мерзімі 15 айға созылмақ.

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған № 8 облыстық мектеп-лицейінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Құжаттары дайын болған кезде құрылыс жұмыстарын жүргізу қаралатын болады.

— Ауыл мектебінің деңгейін қалаға жақындату бағытында не істелуде? Жалпы, сапа мәселесі қанағаттандырады ма?

— Облыс көлемінде күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін 362 мектепте барлығы 122 мыңнан астам бала білім алуда.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы білім сапасын көтеруге қол жеткізуге болады. Осындай жұмыстардан кейін педагогтардың басты міндеті — балаға тек сапалы білім беру.

Қазақстанның білім беру саласын тиімді жаңарту үшін, оның сапасын жақсартып, қолжетімділігін арттыру үшін өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі мониторингтік зерттеулер жүргізілуде.

Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылық деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген PIRLS-2021 халықаралық зерттеу циклінде облыс 534 балмен республика көлемінде бірінші орынды иеленді (ҚР — 504 балл).

PISA-2022 халықаралық зерттеуі нәтижесінде 2018 жылғы зерттеумен салыстырғанда, математикалық сауаттылықтан көрсеткіш 6 балға, оқу сауаттылығы 9 балға, ғылым бойынша 33 балға өсті.

Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ) орта білім беру ұйымдарында 4, 9-сынып оқушылары арасында үш бағыт (оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық) бойынша, ақпараттық-коммуникативтік технологияны пайдалана отырып, кешенді тестілеу форматында өтеді. Өткен жылы білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг нәтижесі 2022 жылмен салыстырғанда республикалық көрсеткіштен жоғары болды.

Оқушылардың білім сапасына тәуелсіз сарапшы білім кесімін өткізу мақсатында «Batys EdQUAL» жобасы жұмыс жасайды.

Әрине, маңызды міндеттердің бірі — қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ауылдық, оның ішінде шағын жинақты мектептерді қолдау және білім сапасын арттыру мақсатында «Мобильді мұғалім», сондай-ақ Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжбен бірлесе отырып, бастауыш шағын жинақты мектептерімен «Бастауышқа — бастамамен» жобасы жүргізілуде.

Тьюторлық жүйеде 24 инновациялық мектептің 48 жетекші мектеппен «БатысInnovations» жобасы іске асырылуда.

қыз
Фото: Білім басқармасы

— Озат ұстаздармен әңгімелескен кезде мектеп оқулықтарына қатысты сын айтылып жатады. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

— Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жыл сайынғы бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес пайдаланылады.

Аталған тізбеге оқулықтар республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының сараптамасынан өткен жағдайда енгізіледі. Аталған орталық сараптама жұмысы барысында республика бойынша пән мұғалімдерін қатыстырады.

Полиграфиялық ақау және тапсырма мазмұнындағы қателіктер, сол секілді баспаның пәндік сараптама комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы салдарынан жіберілген қате және басқа да кемшіліктер анықталғанда, баспа өз қаражаты есебінен сатып алған оқулықтарды ауыстырады.

— 2024 жылы білім беру бюджеті қандай деңгейде болмақшы? Қаржы өз мақсатына жұмсалып келе ме?

— Білім саласының бюджеті биыл өткен жылғымен салыстырғанда, 6,5 млрд теңгеге артып отыр. Бюджет қаражатының жұмсалуы тиісті құзырлы органдардың үнемі бақылауында.

мектеп
Фото: Білім басқармасы

— Соңғы сауал, биыл Орал қаласындағы қара шаңырақ — С. Сейфуллин атындағы № 11 мектепке 100 жыл толмақшы. Осыған орай мектеп ғимараты күрделі жөнделе ме?

— Ия, қара шаңырақтың 100 жылдығына дайындық жұмыстары басталды. Дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылғын мектеп-лицейін ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында 2024 жылы күрделі жөндеуден өткізуге енгізілді. Бүгінгі таңда мердігерді анықтау бойынша шаралар атқарылуда.

— Әңгімеңізге рахмет! Саладағы табыс-жетістіктер молая берсін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тәжірибелі ұстаздың тарих пәні оқулықтарын қайта саралау қажеттігі туралы сұхбатын жариялаған болатынбыз.