Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Батыс Қазақстанда бірқатар пәндер бойынша мұғалімдер жетіспейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы мектептерінде жаңа оқу жылына орай математика және химия пәні мұғалімдеріне тапшылық байқалады.

білім
Коллаж: Kazinform / Nano Banana



БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазақ тілінде сабақ беретін мектептерде бұл мәселе шешілді деуге болады.
Оның сөзіне қарағанда, сабақ орыс тілінде жүргізілетін білім ордаларындағы кадр жетіспеушілігі сағат жүктемесін көбейту арқылы шешілуде.
Білім басқармасының мәліметі бойынша математика, химия пәндерін дайындауға жыл сайын облыстық бюджет қаражаты есебінен білім гранттары беріледі. Сонымен қатар жергілікті жоғары оқу орындары түлектерімен тоқсан сайын бос орындар бойынша жәрмеңкелер өткізіледі.
- Облыста барлығы 382 мектепте 128 мыңнан астам оқушы білім алмақшы. Биыл 1 сыныпқа 11 190 бала қабылданса, соның 77 пайызы қазақ тілінде оқиды. Қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті бюджет есебінен жалпыға бірдей білім беру қорынан 416 млн теңге қарастырылып, әр балаға 50 581 теңгеден ата-ананың есеп-шоттарына аударылды, - деді А.Темірханова.
Оған қоса «Мектепке жол» дәстүрлі іс-шарасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мектеп формасын, аяқкиім мен оқу құралдарын алуға көмек көрсетілуде. 1 тамыздан бері 978 балаға 11,2 млн теңге көлемінде кеңсе тауарлары, киім кешек, қаржылай демеушілік жәрдем берілді.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясының әлеуметтік жобалары аясында бой көтерген 8 шағын жинақты мектеп құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталады. Бұл білім нысандарының жалпы сыйымдылығы 624 оқушы орынға есептелген. Осы 8 нысан құрылысына 11,75 млрд теңге қарастырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да санитариялық бұзушылықтар бойынша білім мекемелеріне 360-тан астам ұйғарым берілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
https://kaz.inform.kz/news/bko-da-sanitariyalik-buzushiliktar-boyinsha-blm-mekemelerne-360-tan-astam-uygari-4b4bd6b8/