Батыс Қазақстанда бұрынғы аудан әкімі бостандыққа шықты
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 11 жылға сотталған Теректі ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Өз көңілдесін өлтіруге тапсырыс берген Ж.Серікқалиев БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 1 қыркүйектегі үкімімен ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігі, 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 7-8-тармақтарымен, 54-бабы 3-бөлігі, 55-бабы 2-бөлігі қолданылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Жаза мерзімінің аяқталуы 2027 жылдың 4 наурызы болып белгіленген.
Ж.Серікқалиев денсаулық жағдайына байланысты Орал қалалық сотына жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен босату туралы өтінішхат берген.
БҚО сотынан түскен мәліметке қарағанда, сотталушы жазасын өтеу кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткен. Мекеменің ішкі тәртіп қағидаларын сақтап, іс-шараларға белсене қатысқан. Еңбекке араласып, қосымша газбен дәнекерлеу мамандығы бойынша кәсіптік білім алған. 15 рет мадақтау қағазын алып, оған қатысты жазалау шарасы қолданылмаған.
Сот отырысында жәбірленуші Ж.Серікқалиевті жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен босатуға қарсы еместігін білдірді.
Істің мән-жайын қарай келіп, сот Ж.Серікқалиевтің денсаулық жағдайын да ескере отырып, оның өтінішін қанағаттандырды. Жазаның қалған бөлігі – 2 жыл 11 ай 3 күн шартты түрде өтелетін болады.
Қаулы сәуір айында шыққанымен, қазір белгілі болып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қалалық сот төрағасы парамен ұсталғанын жазған болатынбыз.