Батыс Қазақстанда есепші 7 млн теңге бюджет қаражатын құмар ойынға салып жіберген

құмар ойын
Фото: Pixabay

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында есепші 7 млн теңге бюджет қаражатын құмар ойынға жұмсап жіберген.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Қаратөбе ауданында болды. 

Қаратөбе ауданы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлімі 1-тармағына (ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес материалды тіркеп, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдады. 

«Қаратөбе ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығы есепшісінің құмар ойынмен айналысқаны анықталды. Есепші басшының рұқсатынсыз және бұйрығынсыз оның ЭЦҚ-сын пайдалана отырып, 7 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырған. Есепші жауабында өзінің және жұбайының атына ашылған жеке кәсіпкерлік субъектісіне бюджет қаржысын бірнеше рет аударып келгенін айтты. Қазіргі таңда оны экономикалық тергеп-тексеру департаменті күдікті ретінде таныды. Кінәсі дәлелденген жағдайда оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін» деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азамат Құстановтың БҚО прокурорының орынбасары болып тағайындалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram