Батыс Қазақстанда эвакуациялық қосындарда 570-ке жуық адам қалып отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері табиғи сипаттағы 14 төтенше жағдай жарияланса, соның 12-сі әлі күшінде.
БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Анар Бисенованың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, төтенше жағдайлар күшті желдің салдарынан электр қуатының үзілуі, шатырдың ұшуы, су тасқыны, мал азығының жетіспеушілігіне байланысты енгізілді. Анар Орынғалиқызының сөзіне қарағанда, көктемгі су тасқыны кезінде 14 мыңнан астам адам эвакуацияланса, соның 5 мыңы балалар еді.
«Қазіргі кезде уақытша орналастыру орындарында 568 адам қалса, соның 235-і – балалар. Өңірде су тасқынынан кейінгі жұмыстар жалғасып жатыр. Айталық, Орал қаласында «Стеновик» бау-бақша серіктестігінде су сорылып жатыр. Саяжайлардан барлығы 12 млн текше су сорылды. Облыста төтенше жағдай зардаптарын жоюға 18 млрд теңге шамасында қаражат бөлінді. Қала мен аудандарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 775 үй салу көзделсе, соның алды пайдалануға беріліп жатыр. Бұған жергілікті 56 мердігерлік ұйым жұмылдырылды. Орындалған жұмыстар көлемі – 70 пайыз», - дейді А.Бисенова.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, облыс бойынша 12 552 отбасыға (әрқайсысына 100 АЕК-тен) 4,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Мүліктік нұқсанды өтеу бойынша 11 756 өтініш түсіп, 9 848 отбасыға 3,8 млрд теңге төлем жасалды.
«2025 жылға арналған инженерлік жұмыстар жоспары аясында 61 елді мекенді болуы ықтимал су тасқынынан қорғау бағытында 90 іс-шара жоспарланған. Күні бүгін жалпы ұзындығы 17,2 км қорғаныс бөгеттерін салуды қоса алғанда, 9 іс-шара орындалды. 23-і бойынша жұмыстар басталса, қалған 58 іс-шараға қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Қосымша Шаған, Крутенькая, Ембулатовка, Барбастау, Қалдығайты өзендерінде 9 гидробекет ашу көзделген. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, облыстық бюджет есебінен су қоймаларының толығуын бақылау үшін радиолокациялық камера және су тасқынына қарсы іс-шараларға арналған жаңа жабдықты орнату мәселесі қаралып жатыр. «Қазсушар» мекемесі арқылы республика меншігіндегі 14 гидротехникалық құрылысты заманауи сирена-дауыс құрылғыларымен жабдықтау ойластырылып жатыр», - деді А.Бисенова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да суға кеткен аумақтарда 350 оқушыға оқу құралы табыс етілгенін жазған едік.