Батыс Қазақстанда қысқы кезеңде жол қаншалықты күтіп ұсталып отыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында қысқы кезеңде жолдар қаншалықты күтіп ұсталып отыр? Жолдардың дұрыс тазаланбайтыны жөнінде шағым неліктен көбейді? Мұның жиілеген жол апаттарына әсері бар ма? Міне, осындай сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі тараптар пікірін тыңдап көрді.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

Республикалық жолдар не күйде?

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облысы бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1349 шақырым болса, соның 245-і күрделі жөндеуде, 72 шақырымы қайта құрылуда. 1032 шақырымына «ҚАЖСервис» ЖШС БҚО филиалы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді.

Оның сөзіне қарағанда, осы автожол желісіне қызмет көрсететін мердігер ұйымында 4 жол пайдалану бөлімі (№38 ЖПБ Подстепный ауылы., №39 ЖПБ Жымпиты ауылы, №40 ЖПБ Чапаев ауылы, №41 ЖПБ Жалпақтал ауылы), 3 жол пайдалану пункті (№1 ЖПП Подстепный ауылы, №2 ЖПП Тайпак ауылы, № 4 ЖПП Тасқала ауылы) және 84 жол техникасы бар. Соның 65-і - қысқы күтіп ұстауға арналған арнайы техника. Мұның 17-сі өткен жылдың желтоқсан-каңтар айларында келді, олар: 11 арнайы әмбебап жол машинасы (7 КамАЗ, 4 Шахман) және 6 тиегіш.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

«Сонымен қатар 2023-2024 жылғы қысқы күтімге 16 200 тонна мөлшерінде құм-тұз қоспасы дайындалды. Қосымша 2 300 тонна құм, 500 тонна тұз ақпан айында алынады. Қазан-қаңтар аралығында 8 465 тонна құм-тұз қоспасы жұмсалды. Қыс мезгілінде автомобиль жолдары «Автомобиль жолдарын күтіп ұстау қағидалары» нормативтіқ құжатына сәйкес күтіп ұсталады. Сондай-ақ ауа райы нашарлаған кезде көліктердің қауіпсіз және үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін жұмыстар тәулік бойы орындалады», дейді Асылбек Амантайұлы.

Филиал директорына өз міндеттемелерін орындамайтын мердігерлерге қандай шара қолданылатыны жөнінде сауал қойылды.

А.Мардан бұған: «Өз міндеттемелерін орындамайтын мердігерлерге қатысты тәртіптік жаза шаралары қолданылады. Сондай-ақ бекітілген өндірістік жоспарда көрсетілген жұмыстарды орындамағаны үшін орындалмаған жұмыстар сомасының 0,1 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады. Ерекше жағдайларда атқаратын лауазымынан босату жөнінде ұсыныс беріледі», деп жауап берді.

Жуырда 21 қаңтар, жексенбі күні Самара-Шымкент жолында автокөлік жүргізушілері жолдың тазартылмайтынын айтып, наразылық білдірді. Филиал директорының сөзінше, жол тазарту және құмды-тұз қоспасын шашу жұмыстары қай уақытта да тоқтатылған емес. Халықтың наразылық білдіруіне аталған жолда жүруге шектеу енгізілгені себеп болды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаев халықтың ортасына барып, не үшін және қандай мақсатпен автомобиль жолдарымен жүруге шектеулер енгізілетіні туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

«Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ашу және жабу туралы шешім БҚО бойынша төтенше жағдайлар департаменті, БҚО полиция департаменті мекемелерінің ортақ шешімі негізінде, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ деректерді өңдеу орталығының жұмыс регламентіне сәйкес қозғалысқа қатысушылар үшін апаттық жағдай туғызатын және олар пайда болған кезде автожолдар бойынша жүруді шектеуді немесе қысқа мерзімді жабуды талап ететін қолайсыз ауа райы - климаттық жағдайларда қабылданады. Атап айтқанда, шыны тәрізді жылтырап жатқан көктайғақта, көріну 50 метрге дейін төмендеген тұманда, қалың қар жауғанда, сол секілді қар көшкіні, сел, су ағыны кезінде және ауа температурасы күрт төмендегенде (дизельді көлік және қоғамдық көлік үшін -30 °С-тан төмен), қозғалысқа шектеу қойылады», деді А.Мардан.

Батыс Қазақстан облысында «өлім трассасы» аталып кеткен Орал-Атырау бағытында жол апаттары жиі орын алатыны белгілі.

Асылбек Мардан мұның негізгі себептерінің бірі жол енінің жеткіліксіздігінен, яғни тарлығынан екендігін жеткізді.

«Бұл жолдың ені – 7 метр. Ол ІІІ техникалық санатқа жатады және негізгі жолға ұқсас жол төсемі бар 0,5 м жол жиегі нығайтылған. Оның үстіне қозғалыс қарқыны 2005-2021 жылдар аралығында тәулігіне 3 500-ден 8 500 автомобильге өсті, бұл І-б техникалық санаттағы автожолға сәйкес келеді. Мұнда жол-көлік оқиғалары жылдың барлық мезгілінде болып тұрады. Қыс мезгілінде көктайғақтың кесірінен бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Себебі ауа райы жағдайлары нашарлаған кезде қауіпсіз және үздіксіз жүруді қамтамасыз ету үшін жолдың жүріс бөлігіне патрульдік қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі және жұмыстар толық жойылғанға дейін атқарылады.

Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау ұсынымдарына сәйкес, жолдың жүріс бөлігін қардан тазалау және тайғаққа қарсы материалдарды шашу, сонымен қоса жол жиектерін қардан тазарту бойынша жұмыстарды орындаудың директивтік мерзімдері бар. Мысалы, ІІІ санат үшін қалыпты жағдайда, тайғаққа қарсы материалды шашу – 4 сағат, қардан тазалау 5 сағатты құрайды. Директивті мерзім қар жауғаннан немесе боран басылғаннан кейін басталады», деп түсіндірді Асылбек Мардан.

Облыстық жолдар ше?

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұркен Иманғалиевтің мәлімдеуінше, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1 620 км.

Бұл жолдардың басым бөлігі аудандарды байланыстырады. Қазіргі уақытта бұл жолдарды қосымша келісімшарт арқылы 9 мердігер 2 мерзімге күтіп ұстайды. Негізгі келісімшарт 2023 жылы 31 желтоқсанда аяқталды. Сол жылы қараша айында 3 жылға мердігерді анықтауға конкурс берілді. Күні бүгін конкурс жұмыстары жүргізілуде.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

Облыстық жолдарды күтіп ұстаушы мердігер ұйымдардың иелігінде 106 арнайы техника болса, соның 36-сы – автогрейдер және прицепті грейдер, төртеуі – бульдозер, 14-і – тиегіш, 41-і – трактор, 11-і – әмбебап жол машиналары.

Қысқы күтім кезінде көктайғаққа қарсы материал дайындауға ерекше маңыз беріледі. Осыған орай 6 мыңның орнына 6 400 тонна құм-тұз қоспасы дайындалып, автожолдарға себу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, мердігерлер меншігінде 13 200 тонна құм қиыршық тас қоспасы, 1 250 тонна тұз бар.

«Күні бүгін көктайғаққа қарсы 800 тонна көлемінде құм-тұз қоспасы себіліп, жолдар қардан тазаланды. Бұған 62 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыстық жолдарға тайғақ жол және қауіпті аймақ жол белгілері қойылды», дейді Нұркен Тілепұлы.

Автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау, жолды және жол құрылыстарын қар басудан қорғау ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 178 бұйрығына сәйкес жүргізілуде.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

Автокөліктер көп жүретін жолдарда қардан тазалау жұмыстары

2-4 сағат аралығында бірінші кезекте атқарылады. Барлық автомобиль жолдарын тазалау жұмыстары қар түскеннен кейін 24 сағат аралығында орындалуда.

«Жолаушыларға алғашқы көмек көрсету мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 12 жылыту пункті жұмыс жасайды. Мердігер ұйымдардың қызметкерлері жолда қалған жолаушыларды пунктке апарып, көмектерін ұсынады. Сонымен қатар арнайы техникалармен жолаушылардың көліктерін қар құрсауларынан шығарып, жәрдем береді. Басқарма мамандары қар мол жауған немесе жолдың жүріс бөлігінде көру шамаланған күндері мердігер ұйымдармен бірге автожолдарға шығып, тиісті іс-шараларды бірге атқаруда. БҚО төтенше жағдайлар департаменті және БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлерімен де бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Әкімшілік полиция басқармасының нұсқамасына сәйкес жолдарды тазарту, көктайғаққа қарсы материалдар шашу жұмыстары жүргізіліп отырады», дейді Н.Иманғалиев.

Биылғы 9 қаңтарда облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала жолында жантүршігерлік жол апатынан бес адамның қаза тапқаны белгілі. Осыған байланысты аталмыш жолдың уақтылы тазартылмағаны жөнінде басқарма атына сын айтылды.

Бас маманның жауабына қарағанда, аталмыш жолды «Техсапақұрылыс» ЖШС өткен жылдың аяғына дейін күтіп ұстаумен айналысқан. Ал жыл басынан бері мұны «SSS STORY GROUP" ЖШС» атқарады.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

«Жаңақала ауданында аталмыш оқиға болар алдында, 7-8 қаңтар күндері жолдың тазаланғаны жөнінде бейнежазба бар. Қазіргі кезде бұл оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде. Тергеу амалдары жүргізілуде, қорытындысы кейін белгілі болады», деді Нұркен Иманғалиев.

Полиция мен қоғам өкілдері не дейді?

БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин келтірген мәліметке қарағанда, облыс аумағында жыл басынан бері 21 жол-көлік оқиғасы салдарынан 17 адам қаза тауып, 33-і түрлі жарақат алды.

«Жолды дұрыс күтіп ұстамағаны үшін жыл басынан бері 193 нұсқама беріліп, 21 лауазымды қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда жолды күтіп ұстау жайы өзгерер емес. Облыста жолдарды қардан тазалау мерзімі сақталмайды, сапасы да төмен. Бұған себеп – мердігерлерде техника жетіспейді. Мердігерлерді тексеру, олардағы техника саны, қаншасының жарамды екендігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» БҚО филиалына қатысты ҚР ҚК 353-бабы 4-бөлігіне (жол, құрылыс және басқа да ұйымдарда басқару функцияларын орындауда көлікте қолданылатын қағидаларды бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында тексерілетін болады», деді Ж.Жаншин.

БҚО мәслихатының депутаты Әліби Баяхов жол мәселесінің қоғам тарапынан бақылауды қажет ететінін жеткізді. Осыған орай облыстық мәслихат депутаттары жауапты тұлғалармен, құқық қорғау органдарының басшыларымен кезектен тыс екі рет талқылау өткізді, нақты ұсыныстар енгізіліп, жоспар бекітілді.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

Мемлекеттік көліктік бақылау инспекциясы тарапынан ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 631-бабына (жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылысжайларын күтiп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамау) сәйкес аудан басшыларына, ауылдық әкімдерге, сондай-ақ 462-бапқа сәйкес (мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау) «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы басшылығына жалпы саны 12 хаттама толтырылған.

«Қоғамдық бақылау – тек мемлекеттік органдарға ғана қатысты емес, барлық азаматтардың парызы. Осы орайда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес аймақтағы проблемалық мәселелерге мониторинг жүргізіліп, сонымен қатар жұмыс сапасы тексеріледі. Соның бір саласы – жол. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғалары жолда айлап жататын шұрқ-тесіктер, қардың уақтылы аршылмауы, тиісті қоспалармен сапалы өңделмеуі, республикалық маңызы бар тас жолдардың енінің тарлығы, сонымен қатар жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетінің төмендігінен орын алуда. Бұған таяуда республикалық жолды тексеру кезінде көз жеткіздік. Бұл, түптеп келгенде, көлік жолын күтіп ұстаушы мердігердің, жол сапасын саралау, диагностика жасау, орташа жөндеу жұмыстары құжаттарына сараптама беретін мекемелердің заң алдындағы жауапкершілігін арттыруды қажет етеді», дейді Ә.Баяхов.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі еріктілер анықтаған кемшіліктер (құм толықтай шашылмаған, жолдың беті мұз) бойынша «ҚазАвтоЖол» мекемесіне хат жолданатынын қаперледі.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалының инженері Дәурен Әміров мекеме мамандарының желтоқсан мен қаңтар айларында республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстары бойынша 24 рет шығып, бақылау жүргізгенін айтты.

«Осы бақылау аясында көктайғаққа қарсы себілетін 16 құм-тұз қоспасы сынақ зертханамызда сұрыпталып, барлығы нормативтік құжаттарға сай болды. Дегенмен 23 ақаулық анықталып, соның 20-сы жойылды. Үшеуі жойылған жоқ. Осыған орай тексеру актісі толтырылып, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалына ескерту ретінде 9 ұсыныс хат жолданды. Қысқы жолдарда көбіне мынадай ақаулықтар кездеседі. Жол жабынында қардың нығыздалып қалуы, көктайғақ, жол белгілеріндегі қар-мұз шөгінділері, жол жиегіндегі қар – мұның барлығы жол жамылғылары мен жиектерін қардан тазалау бойынша директивтік мерзімдердің сақталмауынан, яғни уақтылы атқарылмауынан болады», деді Д.Әміров.

БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов республикалық және жергілікті жолдарды қысқы кезеңде күтіп ұстау өзекті мәселелердің бірі екендігін атап өтті.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

«Республикалық жолдарға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, ал жергілікті жолдарға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауапты. Жолдарға қатысты аудандық қоғамдық кеңестерден де сын-ескертпелер айтылып жатады. Көптеген ауылдар арасында қатқыл табанды жолдардың жоқ екендігі белгілі. Тұрғындарға грейдер жолмен қатынау оңай емес. Әсіресе, күзгі және көктемгі лайсаң уақытта жол балшыққа, одан шоқалаққа айналып, қыста қардан уақтылы тазартылмай жатады. Қоғамдық кеңесте жолға жауапты мекемелер өкілдерін тыңдауды тәжірибеге енгіздік. Сондай-ақ өңірлік деңгейдегі түрлі жиындарда өз ұсыныс-пікірімізді білдіріп отырамыз. Біріншіден, жолды күтіп ұстаумен айналысатын мердігер мекемелерде техника жетіспейді. Сондықтан техника паркін жаңартуға күш салу қажет. Екіншіден, жолды күтіп ұстауға жеткілікті қаржы бөлінбейді. Қаражат аз болғаннан кейін оған техника, адам күші жеткілікті кәсіпорындар келмейді. Ал конкурста жеңіп шыққан мекеменің техникасы аз, күші жетпейді. Сол себепті ең алдымен техниканы да, қаралатын қаржыны да нормативтерге сәйкестендіру керек. Биыл қаңтардың алғашқы жартысында адам өліміне соқтырған жол апаттары жиілеп кетті. Бұған жолдың тазартылмауы себеп болды деп жатқандар бар. Дегенмен жол апаты көбіне жүргізушілердің қателігінен болады. Сондықтан олардың жауапкершілігін көтеру қажет», деп түйіндеді ойын Ербол Ғұмарұлы.

Осылайша, тараптар пікірін тыңдай келе, мынадай ой түйдік. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл мәселеге мемлекеттік ұйымдармен қатар мердігер мекемелер үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Жол тазалау
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ БҚО филиалы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында жол мәселесі қашан шешімін табатынын жазған болатынбыз.