Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 200-ден асып кетті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында өткен жылы қызылшамен ауырған 477 адам тіркелсе, биыл жыл басынан бері 205-ке жетті.

Қызылша
Фото: Астана әкімдігі

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қызылша Бөкей ордасы мен Жәнібектен басқа барлық ауданда және облыс орталығында таралып отыр.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, аталмыш дертке шалдыққандардың 42-сі – 1 жасқа дейінгілер, 80-і – 1-4 жастағылар, 30-ы – 5-14, 12-сі – 15-18 жас аралығындағылар, 41-і – ересек тұрғындар.

«Барлық ауырғандардың 183-і (89,3 пайызы) – екпе алмағандар, соның 34,1 пайызы – ата-анасы екпеден бас тартқандар, 16,6 пайызы – медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер, 15,6 пайызы – екпе жасына толмағандар, 23 пайызы – екпе алғандығы туралы деректері жоқтар. Күні бүгінге дейін 5 жасқа дейінгі 33 мыңнан астам бала екпе алды. Иммундаумен 18 жасқа толмаған, бұрын уақтылы екпе алмағандар және 30 жасқа дейінгі эпидемиялық көрсеткіштер бойынша қызылша ошақтарында байланыста болғандар да қамтылуда», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырып жатқан 13 баланың жағдайы ауыр екендігін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар