Батыс Қазақстанда құқық бұзушылардан 5 мың данаға жуық киік мүйізі тәркіленді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Орал популяциясындағы киіктердің саны жылдан-жылға артып келеді.

киік мүйізі
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биыл көктемде төлдеуге дейін өткізілген санақ бойынша киіктер саны 1 млн 620 мыңға жеткен. 

Нұрлан Сағынтайұлының сөзіне қарағанда, киікті қорғаумен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан филиалының инспекторлары айналысады. Бұл іс-шараларға 8 мобильдік топ тартылса, қазіргі таңда филиалда 47 инспектор, 20 авто-мото және қаршана техникалары бар. 

Соңғы жылдары киік санының күрт өсіп, шаруа қожалықтарының шабындық, жайылымдарына және егістік алқаптарына үлкен залал келтіріп жатқаны белгілі. 

«Осы орайда егістік жерлерді киіктен қорғау мақсатында облыста жедел штаб құрылып, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен бірнеше рет кеңес өткізілді. «Охотзоопром» мекемесі және «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары шаруа қожалықтарының егістіктерін қорғау жұмыстарына жұмылдырылды. Бұған өзге өңірлерден қосымша топтар тартылды. Қазіргі таңда «Охотзоопром» мекемесінің штат санын 112 адамға дейін ұлғайту және материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен тиісті шешімдер қабылданып жатыр», дейді Н.Рахымжанов.

Оның айтуынша, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың тамыз айында өңірге жұмыс сапары кезінде Жәнібек ауданында Ресей Федерациясы делегациясымен өткізілген кеңесте шекара бойынша қажетті жерлерге экодәліздер жасау жөнінде келісілген болатын. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда киіктердің бір бөлігі көрші елге өтетін болады. 

Инспекция басшысының мәлімдеуінше, 2024 жылы облыста жануарлар дүниесін заңсыз алу және дериваттарын өткізу бойынша 23 қылмыстық іс тіркелді.

«Күні бүгінге дейін сотта 8 қылмыстық іске нүкте қойылып, нәтижесінде 10 адам 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, шектеу жазаларымен жауапкершілікке тартылды. Қалған қылмыстық істер бойынша тергеу жалғасуда. Құқық бұзушылардан 4 939 дана киік мүйізі тәркіленді. Биыл сотта қаралған қылмыстық істер бойынша 955 млн 305 мың теңге залалды өндіру талабы қанағаттандырылды», деді Н.Рахымжанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктің егістік алқаптарына кіріп кетіп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар