Батыс Қазақстанда метапневмовируспен ауырған 8 адамның тең жартысы – балалар

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында метапневмовируспен ауырғандар саны 8 адамға жетті.

медицина операция
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, соның төртеуі – балалар. 

Қазіргі таңда науқастардың барлығы да жазылып шықты, асқынулар болған жоқ. 
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, метапневмовирус – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өршу кезінде таралатын классикалық вирус түрі. Бұл вирус әлемнің көптеген елінде кездеседі.

- Мамандардың пайымдауынша, барлық ересек адамдар мен 10 жастан асқан балалар бұл вируспен өмірінде бір рет болса да ауырады. Бірақ вирусқа қарсы иммунитет ұзақ уақыт сақталмайды. Сондықтан қайта жұқтыру жиі кездеседі, - дейді Н.Мұстаев.

Оның айтуынша, метапневмовирус ауамен, яғни жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы беріледі. Мұның ең жиі кездесетін белгілері – жөтел, мұрынның бітелуі, демігу. Вирус қоғамның осал топтары: балалар, 65 жастан асқандар және иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Бұл топтарда вирус тыныс алу жолдарының төменгі бөліктерін зақымдап, бронхит немесе пневмонияға соқтыруы ықтимал.

- Метапневмовирустың алдын алу үшін қолды жиі жуып немесе антисептик қолдану керек. Мұрын, ауыз, көз қабаттарын лас қолмен ұстамау маңызды. Жөтелгенде немесе түшкіргенде, аузыңызды орамалмен немесе шынтағыңызбен жабыңыз. Адам көп жерлерде бетперде тағып, қашықтықты сақтаған дұрыс. Дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану және жақсы ұйықтау арқылы иммунитетті күшейтуге болады, - деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 1 300-ден астам адамның қызылшамен ауырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар