Батыс Қазақстанда он күнде 50-ге жуық адамнан қызылша анықталды

Батыс Қазақстан облысында биылғы он күнде 48 адамнан қызылша анықталды, деп хабарлайды Kazinform. 

Батыс Қазақстанда он күнде 50-ге жуық адамнан қызылша анықталды
Фото: pexels.com

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірде қызылшаға шалдыққандар саны өсіп отыр.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы облыста 477, биыл 48 адамның осы дертпен сырқаттанғаны расталды.

Облыста қызылша Бөкей ордасы мен Жәнібектен басқа барлық ауданда тіркелді.

Биыл 1 жасқа дейінгі 7 сәби ауырса, сондай-ақ 16-сы – 1-4, 8-і – 5-14, төртеуі – 15-18 жас аралығындағылар. 13-і – ересек адам.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес 6 жасқа дейінгі балалар иммунитетті қамтамасыз ететін, мүгедектікке соқтыруы мүмкін жұқпалы ауруларға қарсы негізгі 10 екпені алуы керек. Алайда соңғы жылдары вакцинадан бас тартушылардың көбейіп отырғаны байқалады. Бұл қызылша сияқты жұқпалы дерттердің өрши түсуіне соқтыруы мүмкін.

«Қызылшаның арнайы емі жоқ, тек екпе алу арқылы ғана одан қорғануға болатыны мәлім. Қызылшаға қарсы вакцина Ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Балаларға егу 1 жаста, ал ревакцинация 6 жаста жүргізіледі, екпеден кейін инфекциядан қорғайтын иммунитет пайда болады. Сондықтан аурудың алдын алу үшін екпе алудың маңызы зор. Күні бүгінге дейін екпе алуға жататын контингенттің 60 пайыздайы егіліп үлгерген. Сонымен қатар тұрғындарға өздігінен ем қабылдамай, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда, медициналық көмекке жүгіну қажеттігін еске саламыз», - деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ЖРВИ-ге шалдыққандар саны 86 мыңнан асқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар